Берлиндегі экобелсенділердің әрекеттері наразылық тудырды
Берлинде экобелсенділердің ескерткіштер мен мәдени нысандарға бояу жағып, нұқсан келтіру деректері тоқтамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осындай бір шараның өзінен мемлекетке 100 мың еуро шығын келген. Табиғат жанашырларының мұндай әрекеттері билікпен бірге тұрғындардың да наразылығын тудырып отыр.
Өткен аптада экобелсенділер Германия канцлерінің резиденциясына бояу төгіп, наразылық танытқан еді. Бұған дейін олар Бранденбург қақпасын бүлдіріп, 115 мың еуро шығын келтірген болатын. Бұл – табиғат үшін күрес емес, барып тұрған бұзақылық, - дейді жергілікті тұрғындар.
Абдель, Берлин қаласының тұрғыны:
- Мен жаһандық жылыну мәселесімен жақсы таныспын. Сондықтан олардың талабын түсінемін. Бірақ ғимараттар мен ескерткіштерді бүлдіру дұрыс емес. Бұл – шектен шығу. Жақында біздің университетке де бояу жағылды. Менің ойымша, мұндай әрекетпен олар климаттың өзгеруімен күресіп жатқандарға күйе жағуда. Жалпы жаһандық жылынумен ғылыми жолмен күресу қажет деп ойлаймын.
Экобелсенділер тек ғимарттарды ғана бояумен шектеліп жатқан жоқ. Әйгілі суретшілердің картиналарына картоп езбесін жағып, ұшу алаңы мен тасжолдарға өздерін желімдеп тастаған кездері бар. Осылайша, үкімет назарын климат мәселесіне аудармақ болған.
Майк, экобелсенді:
- Мен – ғылыми қызметкермін. Бұл – осындай шараға екінші рет қатысуым. Талабымыз – қазбалы отыннан тезірек бас тартып, баламалы энергия көздеріне көшу. Бұл салаға инвестиция салу.
Экобелсенділердің қарсылығына қарамастан билік өкілдері мұндай шерулерді шектеуге ниетті емес.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.