Францияда заңсыз көші-қон ережелері күшейтіледі

Франция үкіметі заңсыз көші-қон ережелерін күшейтуді қолға алды.

Босқындарға қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді елдегі заңсыз мигранттарға қойылатын талап та күшейтіледі.

Франциядағы заңсыз көші-қон мәселесі – күн тәртібінен түскен емес. Себебі босқындарға қатысты заң түрлі себептермен кейінге шегеріліп келеді. Қазір елде бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Жаңа толықтырулар аясында мигранттарға берілетін жеңілдіктер қысқартылмақ. Бұдан бөлек, келімсектер қандай бір заңды бұзса, бірден елден қуылады.

Жеральд Дарманан, Франция Ішкі істер министрі:

- Осы уақытқа дейін Еуропаға келген шетелдіктер еш жерде тіркелмеді. Полицейлердің айтуынша, біз олардың кім екенін, елге қандай мақсатпен келгенін білмейміз. Осыған байланысты Еуропаға бас сұққан барлық шетелдікті саусақ ізі арқылы және барлық ресми құжаттарымен тіркеуді талап ететін жаңа ереже енгізу қажет.

Алайда босқындар көші-қонға қатысты жаңа талаптарға келіспейтінін айтады. Тіпті көшеге шығып, өз наразылықтарын білдірді.

Абубакар Дембеле, жұмысшы мигранттар тобының ресми өкілі:

- Билік өкілдері босқындардың француздарға жұмыс қалдырмай жатқанын айтады. Бірақ ол пікірмен келіспейміз. Себебі жергілікті азаматтар қара жұмыс істегісі келмейді. Себебі төлемақы аз. Мәселен олар қоқыс жинап, еден жуып, жүк тасығысы келмейді. Ал бұның барлығын босқындар жасап жүр.

Ендігіде құжаты жоқ мигранттар жаңа ережеге сәйкес – міндетті түрде мамандығын көрсетіп, тіркеуге тұруы тиіс. Ал кәсібилігі болмаса, арнайы курстан өтіп, жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Франция билігі елдегі кадр мәселесін осындай жолмен шешпек. 

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан