Еліміздің туристік әлеуеті Тұманды Альбионда таныстырылды

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қауымға Ұлы дала еліне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтылды.

Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесіне отандық туроператорлар шетелдік әріптестерімен іскерлік қарым-қатынастар орнатты.

Алматы қаласы Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесіне жыл сайын қатысады. Биыл да осы жиыннан табылып, шаһардың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында шетелдік туроператорлармен бірқатар іскерлік кездесу өткізді. Нәтижесінде Алматы туризм басқармасы туристік операторлармен жүзден астам келісімшартқа қол қойып, тау, іскерлік және этнотуризм бағыттары бойынша насихат жұмыстарын жүргізуге келісті.  

Ақмарал Есжанова, Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы:

- Алматы мәдени туристік орталық болып саналады. Бізде Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе сияқты көрікті жерлеріміз көп. Статистикаға сүйенетін болсақ, биыл шаһарға 17 мыңнан астам турист келді. Былтырғы көрсеткіштен 65 пайызға көп.

Бұл тек Алматыға ғана қатысты көрсеткіш. Ал бүкіл ел бойынша соңғы жарты жылда 3,5 млн шетелдік саяхатшы Қазақстанқа табан тіреген.  Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылған қазақ даласын көргісі келетін жиһанкездер саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе британдықтар арасында. Өйткені ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Күн сайын ұшатын тікелей рейс тағы бар.

Николас Корней, туристік компания директоры:

- Өткен жылы бізге Қазақстанға бару бақыты бұйырды. Ақтау және Алматының әсем табиғатын тамашаладық. Тәнті болғанымыз сонша алдағы уақытта британ халқын көптеп тартқымыз келді. Шыны керек, екі ел арасы алшақ. Бірақ Ұлы дала еліне жеткенде құшақ жая қарсы алатын қонақжай қазақтарды көрген кезде ағылшындар қатты риза болады.

42 жылдық тарихы бар Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесі 184 елден келген 35 мыңнан астам сала маманының басын қосты. Биылғы шара “Қайта қауышу, қайта ойлау және қайта құру” тақырыбында өтіп жатыр және соңғы жылдары саланың дамуына тұсау болған түйіткілдерге назар аударып, болашаққа бағдар жасауға зор мүмкіндік беруде.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы