Қытайда көлік экспорты күрт өсті
Сұраныстың артқаны соншалық шетелге шығарылған темір тұлпар саны 500 пайызға артқан.
Әсіресе электромобильдерге тапсырыс көп. Ал олардың бәрі Қазақстан арқылы тасымалданып жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай мен Қазақстан арасында сауда-саттық пен көлік логистикасының дамуы қарқынды. Көрсеткіштер жылдап емес, ай сайын өсіп жатыр. Кейінгі 9 айда Қытай елі Қазақстан арқылы 200 мыңға жуық автокөлікті экспорттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 пайызға көп. Ал тоқпен жүретін машиналар экспорты 500 пайызға дейін жеткен. Бұл бір ғана Қорғас құрлық порты арқылы жіберілген көліктер.
Сұраныстың артқаны соншалық қазір зауыттар алдын ала тапсырыспен жұмыс істеуге көшті. Бұған «Бір белдеу – бір жол» жобасы тікелей әсер етіп отыр. Қазақстан арқылы тасымалдау тиімді әрі кез келген бағытта жылдам жеткізуге болады. Мұның пайдасын қазақстандық жүргізушілер де көре бастады. Автомобильдерді тасымалдап айына 3 мың долларға дейін табыс тауып жүргендер бар.
Айта кету керек, бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлықпен жасалатын тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Қазір көршілес екі ел арасында көлік-транзит саласының дамуына баса мән беріліп келеді. Бұл бағытта кейінгі 15 жылда 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлінді. Соның арқасында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Қазір бұл қадам өз нәтижесін беріп жатыр. Бұған Қытай тарапы да мүдделі.
Гу Сяолин, қорғас кеденінің қадағалау бөлімі бастығының орынбасары:
- Бұған «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында қол жетіп отыр. Инфрақұрылым ауқымы кеңейтіліп, тауар құжаттарын рәсімдеу әлдеқайда жеңілдетілген. Жуырда Қорғас пилоттық Шыңжаң еркін сауда аймағына кіретін аудандардың бірі ретінде танылды. Бұл саяси инновацияға негізделген жүйелі түрде іске асырылатын жоба. Осының арқасында кәсіпорындар даму бағдарын сенімді және тұрақты түрде жоспарлауға мүмкіндік алып отыр.
Қытайда жасалатын көліктерге сұраныстың күрт артуына әлемдегі геосаяси жағдай тікелей әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша мұндай тауар өткізу қарқынымен Қорғас құрлық порты жақын арада Қытайдың ең ірі Шэньжэнь портымен теңесуі мүмкін.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
Ал Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен мемлекет ретінде Қазақстанның бұл бағыттағы ұстанымы белгілі. Қазір халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салынып жатыр. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып бұл бастаманы іске асыруда Қазақстан ерекше рөл атқарады. Оның тиімділігін өзіміз де, өзгелерде жақсы біліп отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы