БҰҰ Бас хатшысы Газадағы қақтығысты тоқтатуға шақырды
«Адамзат игілігі үшін Газа секторындағы қақтығысты тоқтату керек». Осылай деген БҰҰ басшысы Антонио Гуттериш тараптарды бейбіт бітімге шақырды.
Оның бұл үндеуін хатшысы Стефан Дюжаррик Нью-Йоркте өткен брифингте жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Израильдің Сыртқы істер министрі Гуттеришті сынаған болатын. «Ол жаһандық ұйымды басқаруға лайықсыз, себебі ХАМАС тобының әрекетін жеткілікті түрде айыптаған жоқ» деген еді. Ал бұған Бас хатшы: «Кез келген мәлімдеме халықаралық гуманитарлық және адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына негізделіп қана жасалуға тиіс», - деп жауап берді.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ өкілі:
- Кеше Мысырдан Газа секторына азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, ауызсу, көрпе, шатыр және тазалық заттарын тиеген 115 жүк көлігі барды. Осылайша, 21 қазаннан бастап қақтығыс аймағына жеткен жүк көлігінің саны 1 мыңнан асқан. Газа секторында азық-түлік, су және отын тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аштық қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.