Парижде қауіпсіздік саласына арналған көрме басталды
Әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарына деген сұраныс артып келеді.
Бұған дүниежүзіндегі геосаяси ахуал, климаттың өзгеруі және технологияның дамуы себеп. Парижде қауіпсіздік саласындағы технологиялық жетістіктерге арналған халықаралық көрме басталды.
"Милиполь" көрмесіне қатысып жатқандардың жартысы - мемлекеттік мекемелер. Мұнда полиция, кеден, құтқару қызметі саласындағы жетістіктер, сондай-ақ жетекші компаниялардың озық технологиялары мен құрал-жабдықтары қойылған. Көрме келер жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына сәйкес өткізіліп отыр.
Мишель Кадо, Франция спорт агенттігінің президенті:
"Олимпиада ойындарын өткізуге қажет жүздеген шақырым қоршау сатып алмақпыз. Жарыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін фестиваль сияқты іс-шаралар кейінге шегерілді. Ал Олимпиада тұсында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау ісіне әскер де тартылады".
Олимпиаданың барлық сайысына билет тек электронды түрде сатылады. Сондай-ақ спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақылды бейнебақылау жүйесі енгізіліп, киберқорғаныс күшейтілмек. Осы мақсатта 400 миллионнан аса еуро бөлінген. Ал әлемде қауіпсіздік нарығы ұлғайып келеді. Былтыр оның жалпы көлемі 669 миллиард долларға жетті. Әсіресе әуежай қауіпсіздігі, дрон жасау және киберқорғаныспен байланысты құрал-жабдық пен технологияларға сұраныс артқан. Мысалы, табиғат апаттары кезінде өз бетімен ұшатын аппараттарды қолдану кеңейген.
Бастьен Мансини, дрон жасаушы компанияның басшысы:
"Қазір дрон нарығы қарқындап дамып келеді. Әскери әрі азаматтық салада ұшқышсыз аппараттар көбейген. Әсіресе олар шалғай жердегі электр желілерін тексеру, ауыл шаруашылығы алқаптарын бақылауда таптырмас құралға айналған. Энергияны үнемді тұтынатын құралдар тікұшақтың орнына қолданылып жүр".
Сарапшылардың айтуынша, қазір жекеменшік қауіпсіздік секторы да жақсы дамып жатыр. Мамандар цифрлық технологиялардың болашағы зор дейді.
Дәурен Ақшұлы, Әлия Сыздықова