Араб елдерінде отбасындағы зорлық-зомбылық өршіп тұр
Зорлық-зомбылық бойынша жаһандағы жағдай да жағаұстатарлық.
Әлемде әрбір үшінші әйел ер-азаматынан қорлық көреді. БҰҰ-ның статистикасы кейінгі 10 жыл бойы өзгеріссіз қалып отыр. Әлімжеттік әсіресе араб елдерінде өршіп тұр дейді мамандар. Бірақ өзге мемлекеттердегі ахуал да мәз емес. Озбырлық қоғамды жайлаған ауыр дертке айналып барады. Ауруын жасырған ажалсыз өледі деп бекер айтпаған.
Шетелдегі қыз-келіншектердің озбырлыққа қатысты пікірі қандай?
ЮНИСЕФ өкілдерінің жария еткен мәліметі тіптен адам шошырлық. Өйткені онда қыз-келіншектердің көбі ерінің өзіне қол көтергеніне қарсы емес екенін айтқан.
Жақынына қол көтергендерге қару ұстатпау керек
АҚШ-та тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң төңірегінде жанжал басылмай тұр. Әдетте мұндай қылмысқа барған азамат қару ұстау құқығынан айырылады. Бұл зорлық-зомбылық құрбанын қорғауға бағытталған шара. Өйткені америкалық статистика бойынша, бірге тұратын адамын өлтіру оқиғаларының жартысынан астамында қару қолданылады. Бірақ мұнымен келіспеген Зәки Рахими есімді азамат шағым түсіріп, бұл іс Жоғарғы сотқа дейін жетті. Техас тұрғынының бірнеше рет атыс ұйымдастырғаны белгілі болды. Бірақ бұған дейін ол бірге тұратын құрбысына қол көтеріп, қару ұстау құқығынан айырылған. Бірақ ер адам мұнымен келіспейді. Елде қазір осы іске қатысты тыңдау өтіп жатыр. Ал Жоғарғы сот ғимаратының алдында күнде ереуіл. Наразы жұрт бірге тұратын серігіне қол көтергендер керісінше қару ұстамау керек дейді.
Рут Гленн, Survivor Justice Action құқық қорғау ұйымының президенті:
"Бұрынғы күйеуім мені ұрлап әкетіп, ұрып-соққаннан кейін қару ұстамау туралы ордер алды. Бірақ соған қарамастан қыр соңымнан қалмай, ақырында маған 3 рет оқ атты. Сосын сол қарумен өзіне қол жұмсады. Мұның тек мен үшін ғана емес, өзгелер үшін де қаншалықты қауіпті екенін ойлай беріңіздер. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа барған адамды қару ұстау мүмкіндігінен айыру дұрыс деп санаймын. Заңды өзгертудің қажеті жоқ."
Бұл Еуропа үшін де өзекті мәселе. Францияда жыл сайын 220 мың қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Статистикаға сүйенсек, мұнда үш күн сайын жігітінің не күйеуінің қолынан бір әйел қаза табады екен. Бұл "кәрі құрлық" бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі. Сарапшылар әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде жағдайдың қатты ушыққанын айтады. Кейінгі жылдары бесінші республикада бұл мәселемен күрес күшейген. Үкімет 4 жыл бұрын 50-ге жуық шара жария еткен болатын. Солардың ішінде ең көп талқыланғаны - "Дабыл батырмасы" бар телефондар мен электронды білезіктер. Соңғылары қылмыскердің қыз-келіншекке зорлық көрсету кезінде жақындамауын қадағалайды. Билік қазір бұлардың өз тиімділігін дәлелдеп отыр дейді. Сондай-ақ ондаған мың полицей қосымша оқудан өтіп, күйеуі соққыға жыққан келіншектерді қабылдайтын орталық көбейген. Медицина қызметкерлеріне дәрігерлік құпияға қарамастан науқастың келісімінсіз-ақ полицияға хабар беруге рұқсат етілді.
Өзбекстанда ДА зорлық-зомбылықпен күрес күшейтіліп жатыр. Өйткені қоғамда ер адамның әйелге қол көтергенін құптайтындар көбейген. Соңғы жүргізілген сауалнамада нәзік жандардың 41 пайызы өзін ұрып-соғуға қарсы еместігін ашық айтқан. Олардың басым бөлігі 15 пен 19 жас аралығындағы қыздар. Жағдайдың ушығуына мәселені жылдар бойы жылы жауып келген құзырлы органдар кінәлі», - дейді жергілікті Әлеуметтік қорғау агенттігінің өкілдері. Қазір елдегі 1 мен 14 жас аралығындағы балалар да әке-шешесінен жиі зәбір көретін көрінеді.
Мунир Мамедзаде, Өзбекстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің бұрынғы басшысы:
"Бала кезден зорлық-зомбылық көрген жеткіншектің әлеуметтік жағдайы біраз уақытқа дейін оңалмайды. Оның қоғамға кері әсері де болады. Осы себепті заңнама саясатын өзгертуіміз керек. Жағдайды түзеу үшін кез келген жерде қыз бен ер балаларды ерекше қорғауға алып, оларға тиіскендерді жазалау тетігін енгізген жөн. Ешкім жазасыз қалмауы қажет".