Мұздықтар шегініп барады

Жаһандық жылыну салдарынан Гималай мұздықтары өте жылдам еріп жатыр. Тау етегінде орналасқан елді мекен тұрғындарына төнген қауіп көп.

Пәкістанның Хунза аңғарындағы мұздықты Тарик Джамиль есімді тұрғын суретке түсіріп жүр. Ол бірнеше жерге камера орнатып қойған, сол арқылы мұздың еру жылдамдығын бақылайды. Кейін бұл деректерді зерттеп, талдау жасайды.

Каракорам тауының етегіндегі Хасанабад елді мекенінде тұратын 200 отбасын су тасқынынан қорғау – негізгі міндетім деп санайды ол.

Тарик Джамиль, Хасанабад елді мекені қауымдастығының жетекшісі:

- Еріген мұздықтан Хасанабад кейінгі 5 жылда қатты зардап шекті. Жаңадан көл пайда болып, ол аракідік ернеуінен асып кетеді. Соның бәрін бақылап отыру керек. Бұл жұмыс біздің қауымдастыққа жүктелген.

Елді мекендерді мұздықтардан төнген қауіптен қорғайтын БҰҰ-ның арнайы жобасы бар. Хасанабад та сол жобаға енген. Су тасыған жағдайда, Пәкістанның солтүстігіндегі Гиндукуш, Каракорам және Гималай таулары етегіндегі елді мекендерді түгел шайып кетуі әбден мүмкін.

Захра Рамзан, Хасанабад елді мекенінің тұрғыны:

- 11 жастағы ұлым су тасқынынан опат болды. Ауа райы бұзылса, мен ауылдастарымның балалары да дәл осындай жағдайға тап бола ма деп қатты алаңдаймын.

Халықаралық Тауларды кешенді дамыту орталығының (ICIMOD) мәліметтері бойынша, 21-ғасырдың соңына қарай, жаһандық жылыну салдарынан Гималай мұздықтарының 75%-ы еріп кетуі ықтимал.

Мұхаммед Ясин, Каракорам Халықаралық университетінің түлегі:

- Алдағы жазда мұздықтар орнынан жылжыса, тау етегін паналаған ауылдарды су шайып кетуі мүмкін. Біз мұның алдын алу үшін зерттеу жасап жатырмыз. 

Пәкістан әлемдегі су тасқыны қаупі жоғары елдің қатарына енген. Шамамен 800 мыңға жуық адам мұздықтардан 15 шақырым қашықтықтағы елді мекендерде тұрады. Қазан айында іргелес Үндістанда Гималай мұздықтары шегініп, соның салдарынан су тасыды. Бұл төтенше жағдай 179 адамның өмірін қиып кетті. Мұндай оқиға Каракорамда да қайталануы мүмкін. Сондықтан жергілікті тұрғындар қазірден көмек сұрап, дабыл қағып отыр.

Ал ғалымдар алып мұздықтарды бақылауға арналған жасанды интеллект жүйесін жасап шығарды.

Зерттеу жұмысына еуропалық ғарыш агенттігінің спутниктік суреттері пайдаланылған. Ең қызығы, жасанды интеллект алгоритмі мұздықтардың жағдайын бірден бағалай алды.

Бұл әдіс арқылы мұздың пішіні мен өлшемі туралы нақты, толық ақпарат алуға болады. Сондай-ақ ондағы өзгерістер автоматты түрде жаңартылып отырады, -дейді жоба жетекшілері.