Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім 2 күнге ұзартылды
Израиль мен ХАМАС арасындағы 4 күндік бітім тағы 2 күнге ұзартылды.
Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы 14 мыңға жуық адам қаза тапқан. Көбі - бейбіт тұрғын. Әлем елдерінде жанжалды тоқтатуды талап еткен ірі наразылық шерулері әлі өтіп жатыр. Ал халықаралық ұйымдар қантөгісті біржола доғару үшін жан-жақты келіссөз жүргізіп әлек. Бірақ әзірге тараптар ортақ шешімге келген жоқ.
Израиль мен ХАМАС арасындағы бүгін аяқталған бітім тағы екі күнге, нақтырақ айтсам, бейсенбі күнгі таңғы сағат 7-ге дейін ұзартылды. Бұл туралы тараптар арасына араағайындық еткен Катар Сыртқы істер министрлігінің өкілі мәлімдеді. 24 қарашада күшіне енген 4 күндік үзіліс кезінде "ХАМАС" 39 израильдік әйел мен 18 шетел азаматын кепілден босатқан. Ал Израиль 117 палестиналықты үйіне жіберді. Оның басым бөлігі әйелдер мен кәмелет жасқа толмаған балалар. Негізі бітім кезінде тағы 50 израильдік пен 150 палестиналық босатылуы керек еді. Алайда 40-тан аса израильдікті Газа секторындағы Хамас-тан басқа топтардың кепілге алғаны анықталды. Хамас оларды табуға көмектесетін болғандықтан, Израиль уақытша бітімнің уақытын созуға келісті.
Жозеп Боррель, ЕуроОдақ дипломатиясының басшысы:
- Үзіліс кезінде, шиеленіскен жағдайды, саяси тұрғыда шешуге барынша күш жұмсауымыз маңызды. Бұл бітім екі тараптың да пайдасына шешілуге тиіс.
Рияд Әл-Мәлік, Палестина Ішкі істер министрі:
- Катар, АҚШ, Мысыр, ЕуроОдақ, Испания бәрі қақтығысты қайтсек тоқтатамыз деп, бас қатырып отыр. Қазір қолдан келері тек гуманитарлық үзіліс мерзімін барынша созу. Тым болмаса осылай өлім санын азайта аламыз.
Босатылған тұтқындар туыстарымен қауышты
Уақытша бітім шабуыл кезінде бір-бірінен көз жазып қалған туыстардың қауышуына мүмкіндік берді. Al Jazeera телеарнасы олардың кездесуін тікелей эфирде көрсетті.
Айта кетейік, Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 7 күндік үзілістен кейін, шабуылды қайта бастап, үкіметтің басты мақсаты барлық тұтқынды бостандыққа шығару екенін айтқан болатын.
Палестина тұрғыны:
- Жүрегім жарылардай қуанып тұрмын, осы уақытқа дейін ұлымның не өлі, не тірі екенінен хабар ала алмай көңілім құлазып, өмір осымен біткендей көрініп еді. Алайда қаза тапқан өзге де жақындарымның орнын ешкім де, ештеңе де толтыра алмайды.
Израиль тұрғыны:
- ХАМАС отбасымдағы 7 бірдей адамды тұтқынға алды. Оның алтауын босатты. Енді тағы біреуінің қайда екені белгісіз. Төрт көзіміз түгелденбей, еш қуана алмаймыз. Алайда, бұған дейін бірде-біреуін қайтару мүмкін болмағанын ойлап, өзімді сабырға шақырамын.
Газаға 61 жүк көлігі көмек жеткізді
Уақытша үзіліс кезінде Газа секторының солтүстігіне “Рафах” тексеріп-өткізу бекеті арқылы 61 жүк көлігі кірді. Бұл 7 қазаннан бері Газа секторына келген ең ірі көмек. Зардап шеккен тұрғындарға ауыз су, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. Сондай-ақ, "Әл-Шипа" ауруханасына 11 жедел жәрдем көлігі, үш автобус және эвакуацияға арналған арнайы жүк құралдары берілген. Бұған қоса,раиль билігі Газаға күніне 130 мың литр отын кіргізуге рұқсат еткен.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Аз да болса, бұл үзіліс көптің көкейіне, үміт сыйлары анық. Алдағы екі күн ішінде де гуманитарлық көмекті үдетуге барынша тырысамыз.
Біріккен Ұлттар ұйымы, гуманитарлық үзіліс мерзімін ұзартқанымен, барлық шығынның орнын толтыру қиын дейді. Ал екі тарап арасындағы қақтығысты біржола тоқтату, өкінішке қарай, әзірге мүмкін болмай тұр. Таяу Шығыстағы ахуал туралы бүгінгі шолуымыз осындай болды.