Газа секторындағы ахуал
Ал Газа секторында ашаршылық пен түрлі індеттің өршу қаупі күшейе түсті.
Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі агенттігі мәлімдеді. Осыған байланысты ұйым тараптарды қақтығысты тоқтатып, өңірге гуманитарлық көмекті ұлғайтуға шақырып жатыр. 6 күнге жалғасқан уақытша бітім аймақтағы жағдайды жақсартуға аса көп әсер ете қоймаған. "2 миллионнан аса тұрғыны бар аймаққа бұл қолдау жеткіліксіз" - дейді сарапшылар. Өткен аптада уақытша бітім орнағаннан кейін Газаға осы уақытқа дейін 800-ден аса жүк көлігімен ауызсу, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жанармай жеткізілген.
Джульетта Тума, БҰҰ-ның Палестиналық Босқындар жөніндегі агенттігінің ресми өкілі:
- Газадағы гуманитарлық дағдарысты 4-5 күндік бітіммен шешу мүмкін емес. Қарулы қақтығыстан жапа шеккен халыққа көмектесу үшін әскери қимылдарды толық тоқтату қажет. Біз аймаққа гуманитарлық көмекті ұлғайту үшін Израильмен шекарадағы бақылау-өткізу бекетін ашуға шақырамыз. Себебі Мысыр арқылы жеткізілп жатқан жүктер жеткіліксіз.
Уақытша бітім ұзартылуы мүмкін
Ал ХАМАС пен Израиль атысты уақытша тоқтату туралы бітімді тағы 2 күнге ұзартуы мүмкін. Бұл туралы араб елдерінің бірқатар ақпарат құралы хабарлады. Еске сала кетейік, өткен аптада тараптар тұтқындармен алмасып, гуманитарлық көмек жеткізу үшін атысты уақытша тоқтату туралы келісімге келген. Осы уақыт аралығында ХАМАС тұтқыннан 80-нен аса адамды, ал Израиль түрмеден 180 палестиналықты босатты.