Францияда отандық дизайнерлер жайлы кітап жарық көрді

«Сән әлеміндегі Қазақстан». Дәл осындай атаумен Францияда отандық дизайнерлер жайлы кітап жарық көрді.

Бұл – Орталық Азияның сән индустриясында жарияланған жалғыз тырнақалды туынды. Ол ЛярматтАн француз баспа үйінен шыққан. Кітап авторлары – халықаралық люкс және коммуникация саласындағы қазақ және француз сарапшылары. Онда Айдархан Қалиев, Зефир Жанғазиева, Дана Әшім, Гаухар Оразақова және тағы басқа отандық дизайнерлердің саладағы рөлі мен сән индустриясының даму қарқыны баяндалған. Ал туындының тұсаукесері дефилемен жалғасып, келушілерге қазақстандық сәнгерлердің ерекше топтамалары көрсетілді. Баспа үйінің директоры алдағы уақытта Қазақстан жайында тағы да жаңа туындылар жарыққа шығатынын айтты.

Филипп Юркович, L’Harmattanбаспа үйінің директоры:

- Біз, француз баспагерлері Қазақстан туралы қай туындымыз болсын қазақ мәдениетіне лайық болғанын қалаймыз. Сол себепті оны кеңінен насихаттауға тырысамыз. Әлбетте, француздар Қазақстан туралы біледі, дегенмен бұл елдің мәдениеті жайлы нақты түсінікке ие болғаны маңызды. Бұл жолы сән өнері жайлы туынды жарыққа шықса, келесі кітабымызды қазақ елінің өзге де құндылықтарына арнаймыз.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

- Мына жолы бүгінгі шығып жатқан серияны Қазақстанға арнапты. Сол үшін бұл жерде бұл кітаптың арасында тек қана дизайнерлер емес, басқа да сән әлемінде жүрген Қазақстанға белгілі мамандар да кіріп отыр. Біз үшін ол өте мақтаныш. Неге десеңіз, біздің кәсібіміз, біздің жұмысымыз арқылы дүние жүзі Қазақстан туралы жалпы өз пікірін білдіреді.