Ташкентте парламентаралық ынтымақтастықтың жаһандық форумы өтті
Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру жайы қаралды.
Қазақстан тарапынан Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Мәжіліс депутаты Болат Керімбек қатысты. Форум аясында заң шығарушы органдар арасында өзара байланысты нығайту, қойылған мақсаттарға бірге қол жеткізу және шет елдердің тәжірибесін негізге алу мәселесі сөз болды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жастар ісі, гендерлік теңдік, экология бағыттарында ілгерілеу байқалып отыр. Жалпы орнықты даму мақсаттары халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Жиын қорытындысы бойынша ортақ құжат қабылданды.
Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл Тұрақты даму мақсаттарының орындалуын қадағалауға және күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға негізделген тиімді алаң. Біздің елде заң шығарушы органдардың атқарып жатқан жұмыстары осы мақсаттарды орындауға бағытталған. Тиісінше, ол халықтың әл-ауқатын көтереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 78-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарын орындауға басымдық беретінін ерекше атап өткен болатын.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тұрақты даму мақсаттары БҰҰ-ның сессиясында қабылданған. Оны жалпыға ортақ даму индикаторлары десек болады. Парламентаралық ассамблеялар бар. Солардың шеңберінде Тұрақты даму мақсаттарының орындалуы қандай деңгейде екенін бағамдап жатырмыз. Нақты тоқталғанда, бұл аралық есеп беру және бағытымызды тағы да бір айқындап алу. Қандай заңдар шығарамыз, осының бәрі талқыланды.