Әлем климатты құтқару үшін өндіріс орындарын жабуға дайын ба?

Жаһандық жылынудың алдын алу үшін, ең алдымен әлем елдері өндіріс орындарын азайтуы тиіс.

Ал оған мемлекеттер келісе ме? Осы мәселе климаттық конференцияның басты тақырыбының бірі. Ғалымдар Жер бетіндегі температураның орынсыз көтеріліп, қызуына адам баласының қолдан жасап отырған әрекеттері себеп дейді. Мәселе - қазба отынды жағу дегенге келіп тіреледі. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, бүгінде әлем халқының 80%-ы, яғни, шамамен, 6 млрд адам қазба отынға тәуелді – әлбетте, бұл оларды тек табиғи ғана емес, геосаяси қақтығыстар алдында да осал етеді. Сарапшы қауымның айтуынша, климаттың өзгеруінің салдарын біршама бәсеңсітіп, жеңілдетудің бірден-бір жолы қазба отыннан біртіндеп бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция құю. 

Деннис Фрэнсис, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:

Бұл қазбалы отынға тәуелділікті азайтудың және Париж келісіміне сәйкес, 1,5 градусты ұстап тұрудың жалғыз тұрақты жолы. Әлем халққына, Жаһандық жылынумен күрес жолында осылай жеңіс жетеміз деп айтқым келеді.

Климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресу қомақты қаржыны қажет етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, дамушы елдерге 2030 жылға қарай теңіз суының көтерілуі мен дауылдарға бейімделу үшін жыл сайын кемінде 200 миллиард доллар қажет екен. Бұған қоса, олардың ластаушы энергиядан таза қуат көздеріне көшуіне де қосымша қор қажет. Осыған байланысты саммит аясында  мемлекеттерге "шығындар мен залалдар" қорын құру міндеті жүктелмекші. Себебі климаттық апаттардың зардабынан біраз елдің экономикасына миллиардаған шығын келген. 

Вопке Хукстра, климат жөніндегі еурокомиссар:

- Мен қазба отындарынан толық бас тартуды және осы онжылдықта, ең дұрысы 2025 жылға қарай толық тоқтатылғанын қолдаймын. Біз жаңа энергетикалық жүйеге мүмкіндігінше тезірек көшуіміз керек. 

Қарапайым халық та қара алтын өндірісіне қарсы. Климаттық саммитке дейін, әлемнің көптеген елінде, "қазба отынды қолдану тоқтатылсын" деген ұранмен, климаттың өзгеруіне қарсы жаппай наразылық шерулері өтті. Ең ірісі Ұлыбританияда, Италия, Франция және Германияда болды. Қытай, Оңтүстік Кореяның эко-белсенділері де қарап қалған жоқ. Себебі биылғы жазда халық бұрын-соңды болмаған аптапты бастан өткерді. Оның арты орман өрттеріне ұласты.

Грета Тунберг, экобелсенді:

- Мәселе өз шешімін таппайынша, біз де тоқтамаймыз. Әлемді құтқару біздің қолымызда. Қатып қалған заң жоқ. Оны өзгертуге, маңызды мәселелерді шешуге болады. 

Саммит 13 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында ғаламдық мәселелер өзінің оң шешімін табады деп сенеміз. Нақты қандай шаралар бекітілгені туралы бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз. Мендегі бүгінгі ақпарат осымен тәмам.