Таяу шығыс. Бітім мерзімі тағы да ұзартылды
Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері уақытша бітім мерзімін тағы да бір тәулікке ұзартты.
Тиісті шешім оқ атпау туралы тәртіптің аяқталуына санаулы минут қалғанда қабылданды. Бұл режим алғашында өткен аптада төрт күнге жарияланған еді. Содан бері созылып келеді. Келісімнің шарттары сол күйінде қалады. Демек Газа Секторында оқ атылмайды. Екі жақ тұтқындарды босатады. Өңірге гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтірілмейді.
Жалпы уақытша бітім күшіне енген өткен жұмадан бері ХАМАС тұтқынға алған 70 адамды жіберді. Ал Израиль тарапы жергілікті түрмеде отырған 210 палестиналықты босатты.