Бұхара қазақтарына тарту жасалды
Сырт елдердегі қандастарды қолдау жалғасып жатыр.
"Отандастар" қоры бұл істі жүйелі түрде жолға қойған. Айталық, ұлттық аспаптар және киімдер мен көрнекі құралдар қоржынын тарату игі үрдіске айналып отыр. Мұндай тартудың бірі таяуда Өзбекстандағы Бұхара облысының қазақтарына да жетті.
Бұл - Бұхарадан 20 шақырым жердегі қазақ ауылы. Бахауиддин деп аталады. 30 шақты отбасы түтін түтетіп отырған елдімекен диқаншылықты негізгі кәсіп еткен. Қандастарымыз жиі бас қосып, үлкендер ұлағатын насихаттайды. Ұлттық дәстүр мен құндылыққа аса бай. «Қонақ келсе – ырыс» ұғымы Бұхара қазақтарынан да аңғарылып тұр.
Серікбай Әбдірайымов, Бұхара облысының тұрғыны:
- Дәстүріміз қазақша. Беташарымыз бөлек. Ең үлкен тойымыз – беташар. 500-400 адам келеді. Қара домбырамен бет ашамыз. Дәстүр әлі күнге мұра боп келе жатыр. Шалғайда тұрсақ та, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған. Несібесі бұйырғандар Қазақстанға көшіп жатыр. Осының өзі аз емес, 300-ге жуық отбасы бар.
Қандастарымыз тірліктің сан түрлі саласында тер төгіп жүр. Бірі өнер саласының белгілі майталманына айналса, енді бірі шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолын таңдаған. Жалпы облыста 17 қазақ мектебі бар. Кейінгі кезде білім ошақтарында мұғалім жетіспеушілігі мәселесі туындады. Әсіресе жаратылыстану бағыты бойынша ана тілімізде білім беретін маман аз. Жағдайға «Отандастар» қоры араласып, қолғабыс ететінін жеткізген.
Қазына Қалбаева, Бұхара қазақ мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:
- Өзім Газли тұрғынымын. Сол жерде бастауыш сынып мұғалімі боп жұмыс істеймін. Газли қаласында музыка мәдениет орталығы бар. Сол жерде ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді үйретіп келеміз. Домбыра, күй, әндерді облысқа келіп шырқатып келіп кетеміз.
Жалпы қор тарапынан қандастарға тұрақты көмек те көрсетіліп келеді. Таяуда елордадан ұлттық аспаптар мен киім және көрмеге қойылатын көрнекі құралдар қоржыны жетті. Сый-сияпат Өзбекстан астанасында өткен қазақ өнерпаздарының концерті аясында тарту етілді.
Назакат Боранбаева, Бұхара облысы қазақ мәдени орталығының жетекшісі:
- Өзбекстандық қазақ мәдени орталықтарына «қоржын» жобасын ұйымдастырып, бізге кезегі келді. Қазақ аспаптарын, ұлттық киімдерін беріп отыр. Кітаптар алып келіп жатыр. Бұдан әрі де жалғасын табады деген сенімдемін. Жұмыстарына сәттілік. Бізді осылай шеттегі қазақтарды іздеп келе берсін.
Жергілікті қазақ мәдени орталықтың келер жылға жоспары ауқымды. Ұйым жетекшілері кезекті республикалық қандастар форумын Бұхарада өткізбек. Қазақ ауылдарында бұған қазірден дайындық қызу. Кәсіпкер ел ағалары да бұл істе «шет қалмаймыз», - деп отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев