«Dimash Tour» туристік бағыты ашылады
Елімізде Димаш Құдайберген атындағы жаңа туристік бағыт ашылады.
Осы арқылы Қазақстанға әлем саяхатшыларын тарту көзделіп отыр. Бұл туралы Бейжіңде өтіп жатқан Ақтөбе облысының туристік әлеуетін таныстыру іс-шарасы кезінде белгілі болды. Бастама әсіресе қытайлықтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Димаш Құдайбергеннің өнері мен танымалдығы Қазақстанға миллиондаған турист тартуға бағытталады. Ақтөбеліктер өнерпаздың туған жеріне түрлі саяхаттар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жаңа туристік бағыт «Dimash Tour» деп аталады. Саяхат барысында шетелдік қонақтарға Димаштың туған өлкесі, оқыған мектебі, отырған партасы, балалық шағы өткен жерді көрсету жоспарда. Сонымен қатар әншінің өнерін шыңдаған алғашқы ұстаздарымен кездесулер өткізіледі.
Ұйымдастырушылар бұл саяхатшыларды қызықтыратынына сенімді. Қытай туристік индустриясының тәжірибелі мамандары осы бағытта бірлесіп жұмыс істеп, келешекте дамытуға ниет білдіріп отыр. Олар бұл бастаманың перспективасы жоғары деп санайды. Қытай елінде алдағы бірнеше күн бойы Ақтөбе облысының туристік әлеуеті таныстырылады. Жобаның бастамасы ретінде Бейжіңде Димаш Құдайбергеннің вокал бойынша алғашқы ұстазы Марат Әйтімовпен кездесу өткізіліп, өнерпаздың шығармашылығы көрсетілді.
Бұдан бөлек, ұлттық тағамдар, ұлттық музыка мен мәдени көріністер қойлып жатыр. Қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізіп, бірегей кәдесый мен бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен қатар пантотерапия бойынша емдік шаралары таныстырылды.
Марат Әйтімов, Димаштың ұстазы:
- Осы шансты біз максималды түрде пайдалана білуіміз керек. Ол үшін көп жұмыс жасалу керек. Оны барлығымызда түсінеміз. Ақтөбе өңіріндегі жалпы әртүрлі шаруамен, бизнеспен айналысатын соның өкілдері келіп отыр. Қытай елінің осы бағытты дамытуға, егер ол кісілер шын көңілмен кіріссе, ол кісілер жұмыс жасай алады. Біз оны білеміз. Осы бағытта келіп отырмыз.
Ерсайын Сүйінов, «Vizit Aktobe» орталығының директоры:
- Біздің жалпы 19 локациямыз бар. Ол эколгиялық туризм. Бізде ең танымал жер ол Байғанин ауданында екі жеріміз бар. Келесі жылға туристермен көптеген жұмыс істеуге мақсаттарымыз бар. Былтыр бізде Ақтөбе облысында шетелдік азаматтар 5-6 мың адамдар келді. Қытай потенциалын алып, 8-9 мыңға дейін жоспарымыз бар. Шетелдік туристерді тарту керек.
Іс-шара «Road Show-visit Aktobe 2023» деген атаумен өтіп жатыр. Оған Қытай Халық Республикасы туристік индустриясының өкілдері, қауымдастықтар, туристік агенттіктер қатысуда. Басты мақсат облыстың туристік орындарын дамыту. Өңірде өнеркәсіптік, экологиялық, медициналық және мәдени-танымдық бағыттарға басымдық беріліп отыр. Әсіресе табиғаты тұмса өлкелерге тур бағыттар ұйымдастырылады. Оның ішінде Ақтолағай және Ақбота-Сәңкібай борлы таулары, Аққұм құмды алқабы, Барқын құмдар, «Қасқыр» сарқырамасы, Аққайың орманыны бар.
Айта кету керек, 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Бүгінгі шара тікелей осыған бағытталған. Ақтөбе өңірінің туристік әлеуетін таныстыру шаралары 9-шы желтоқсан Шанхай қаласында да ұйымдастырылады. Ал 11-ші желтоқсан Кореяда өтеді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Владимир Грабарь