Биыл барлық әуе компаниялары 23 млрд доллар таза табыс тапқан
Биыл әлемде барлық әуе компаниялары 23 миллиард доллар таза табыс тапқан.
Бұл жыл басында жасалған болжамды межеден 2 есе көп. Оған індеттен кейін қайта жанданған туризм себеп дейді мамандар. Осы қарқын сақталса, кіріс көлемі келер жылы да артуы мүмкін.
2024 жылы әлем бойынша 4 миллиард 700 миллион адам саяхатқа аттануы мүмкін. Болжам шындыққа айналса, әуе тасымалында рекордтық көрсеткіш орнайды. Ал таза табыс 26 миллиард долларға жетеді. Айта кетерлігі, әуе компаниялары мұндай пайдаға соңғы рет 2019 жылы кенелген еді.
Әуе билеттері арзандайды
Келер жылы әлемде әуе билеті арзандайды. Би-Си-Ди Трэвл компаниясы сарапшыларының болжамы осындай. Олардың айтуынша, баға орта есеппен 2 пайызға төмендейді екен. Бірақ қонақүй қызметі керісінше қымбаттайды. Оған әлемдегі геосаяси ахуал мен жаһанды жайлаған инфляция себеп.
Экология экономикадан маңызды
Еуропаның әуе компаниялары ауаға бөлінетін көмірқышқыл газын азайту мақсатында әуе кемелерінің ұшу жолын қысқартпақ. Бұл ауаға тарайтын зиянды заттар көлемін 10 пайызға төмендетуге көмектеседі дейді мамандар. Себебі бүгінде авиацияның ауаны ластаудағы үлесі 2 пайыз шамасында.
Жұлдыз Атагельдиева