Швеция билігі қасиетті Құранды қорлауға заңмен тыйым салуы мүмкін
Қазір бұл мәселе жоғары мінберден қаралып жатыр. Қазақстан өрескел әрекеттерге бей-жай қарап отыра алмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте БҰҰ-ның Бас Ассамлеясында игі бастама көтерді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрін вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғауға шақырған еді. Содан кейін қазақ басшысының бастамасы қызу талқыға түсті.
Кейінгі 3 айда Данияда Құранды қорлаудың 500-ден аса дерегі тіркелген. Мұның соңы көп елде жаппай ереуілдерге ұласты. Бірқатар мемлекет өз наразылығын ресми түрде білдірді. Сөйтіп тамыз айында қасиетті кітаптарды өртеуге тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеу басталды. Осы күнге дейін қызу пікірталас жалғасып келді. Қарсы тарап бұл азаматтардың сөз бостандығын шектейді дегенді алға тартты. Парламентте дауыс беру процесі бірнеше сағатқа созылды. Біраз пікірталастан соң депутаттардың дені қасиетті кітаптарды қорлауға тыйым салу заңын қолдады. Енді оған бағынбағандар қомақты айыппұл төлейді. Болмаса 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Араб мемлекеттерінің лигасы мен бірқатар елдің сыртқы істер министрлері бұл шешімді қолдайтындарын жеткізді.
Швецияда да биыл Құранды қорлау деректері жиілеп кетті. Бірақ мұндай әрекетке барғандар жауапқа тартылмайды. Өйткені прокуратура қасиетті кітапты өртеу секілді акциялар, сөз бостандығы мен өз болмысын көрсету туралы заң аясында екенін айтады. Десе де қазанның басында алғаш рет жергілікті сот осындай әрекетке барған ер адамды бас бостандығынан айырды. 27 жастағы тұрғын ұлтаралық алауыздық тудырғаны үшін кінәлі деп танылды. Енді Даниядан кейін Швеция билігі де қасиетті кітаптарды қорлауға тыйым салатын заңды қабылдау мәселесін қарастырып жатыр.
Осы Құранды қорлау оқиғалары Швецияның НАТО құрамына өтуіне кедергі болған. Ресми Анкара ұзақ уақыт бойы корольдіктің Альянсқа қосылуына рұқсат бермей келді. Түріктер Швецияны қолдамас бұрын бірнеше талап қойды. Шведттер оның біразын орындағаннан кейін ғана Ердоғанның батасын алды. Сарапшылар қазір Швецияның қасиетті кітаптарды қорлауға тыйым салу мәселесін қарастыруы да осыған байланысты болуы мүмкін дейді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева