Бакуде робототехникадан халықаралық сайыс өтті
Әзірбайжан астанасы Бакуде робототехникадан халықаралық сайыс өтті.
Оған Қазақстан да қатысты. Ел намысын қорғаған жас өрендеріміз, жүзден жүйрік шығып, үздіктер қатарынан көрінді.
Әлемнің 11 елінен келген, 293 команда мен 1150 қатысушы халықаралық Azerbaijan STEAM фестивалінде бақ сынасты. Қазақстан намысын 6 команда қорғады. Оның ішінде Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті жанынан ашылған Халықаралық роботехника оқушылары бар. 6 команданың 3-еуі жүлделі орындарға ие болды.
Әлтайыр Исатаев, қатысушы:
- Бүгінгі сайыста жеңіске жеткенімізге әлі сене алмай отырмыз. Кіл мықтының арасынан бірінші орынды алдық. Біз үшін бұл – үлкен жетістік.
Марғұлан Мыңжасар, қатысушы:
- Бұл менің халықаралық жарысқа алғаш қатысуым. Фестиваль жоғары деңгейді өтті. Біз teamwork бойынша 4-орын, skills бойынша 2-ші орынды иелендік.
Фестивальдің негізгі мақсаты - заманауи технологияларды қолдану арқылы білім беруді дамыту және оқушылардың интеллектуалды ойлау жүйесін қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушылар мұндай сайыстарқа қатысу арқылы, инновация мен цифрландыруға қатысты әлемдік тәжірибемен таныса алады.
Эдуард Қонаев, робототехникадан сабақ беруші:
- Әзірбайжанның Білім және ғылым министріне ерекше алғысымды білдірігім келеді. Себебі қатысушылардың осындай кең ауқымды шарада өз бақтарын сынауы үлкен жетістік деп білемін.
3 күнге созылған фестивальде 300-ге жуық команданың ішінен 27-сі үздік шығып, бірінші орынды иеленді. Ең мықтыларын таңдау үшін, Ұлыбритания, Норвегия, Словакия, Болгария, Дания, Чехия және Түркиядан арнайы сарапшылар шақырылды. Фестивальдің жабылу салтанатына Әзірбайжанның Білім және ғылым министрі Эмин Амруллаев пен бірқатар коғам қайреткері қатысты.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Мехрибан Касумова