Орталық Азия елдері су мәселесін шешу үшін ортақ бағдарлама әзірлеуі тиіс
Түркияның Эрзинжан қаласындағы халықаралық конференцияда ғалымдар осындай ой айтты.
Айтулы жиынға түркі жұртының ғалымдары қатысты.
Бүгінгі таңда ауызсу тапшылығы, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Орталық Азия елдері үшін аса күрделі мәселелердің қатарында. Тек өңіріміз үшін емес төрткүл дүниеде осылай. Мамандар: «Су тапшылығы қазіргі күні және жақын болашақта өткір геосаяси мәселеге айналуы мүмкін», - дейді. Дегенмен, халықаралық қатынастар, құқық және гидросаясат сарапшылары су проблемасын шешудің балама жолы бар деп есептейді. Ол үшін су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өңір мемлекеттерінің бірігіп әрекет етуі маңызды.
Айнұр Ноғаева, халықаралық қатынастар профессоры:
-Орталық Азия елдері ұлттық мүдделері аймақтық мүдделерін өздері қорғау керек. Қазірге дейін осы сумен байланысты бірнеше мәселе бар. Ең басына ысырап болу. Аймақтық мүдде жағынан біздің елдеріміз осыны өздері, басқа елдерді қоспай өзіміздің мәселемізді өзіміз шешуіміз керек деп ойлаймын.
Су тапшылығын болдырмау үнем керек. Әсіресе ауылшаруашылық саласында. Гидротехникалық кешендерді күтіп ұстау мен оны жетілдіруге күш салынса, мәселені шешуге мүмкіндік көбеймек.
Хусейин Йылдырым, гидролог:
-Түркияда да оңтүстік шығыс Анадолу жобасы арқылы су мәселесінің елеулі бөлігін шештік. Ауыл шаруашылығында суды реттеп, заманауи технологиялы бөгеттерді іске қостық. Жалпы қысқа және ұзын мерзімді бағдарламаны жоспарлау арқылы проблеманы толыққанды шешуге болады.
Жиын соңында мамандар бірауыздан өңір елдері осыған байланысты бірлескен бағдарлама қабылдау қажет деген тоқтамға келді. Сондай- ақ Арал мәселесін шешпей су тапшылығын азайту қиын екенін де атап өтті.
Автор: Меруерт Қанағат