Жасанды интеллект темір адамды басқарады. Шартарап
Қытай мың робот адам жасап шығармақ.
Бойы - 1,65м, салмағы - 55 кг, 40 буынды робот 30 функцияны қатар орындай алады. Жасанды интеллект арқылы басқарылады. Қолынан келмейтіні жоқ. Өнеркәсіп, медицина, білім-ғылымға салсаң да шырқ үйіріп әкетеді. Тіпті суда жүзіп, мұзда сырғанайды. Қытай бұған қалай қол жеткізді. Өйткені жасанды интеллект үшін инвестицияны аямайды. Бұл салаға ақша жұмсау бойынша әлемде бірінші орынға шығып та үлгерді.
Гу Цзе, Fourier Intelligence компаниясының директоры:
- Роботтың денесінде күрделі қозғалысты басқару үшін біріктірілген буындар көп. Болашақта бұл роботтарды түрлі салада қолданамыз деген үміттемін. Себебі команда болып қыруар күш жұмсадық.
Секундына 6,2 метрге жылжитын, 50 кг жүк көтеретін супер-жылдам роботтар да бар. Бұлар жүк тасуда алдына қара салмайды. Есікті өзі ашып-жабады, қалдықты қоқыс жәшігіне тастайды. Бұл Марко Бьелонич есімді швейцариялық ғалымның ойлап тапқаны. Енді көше кезіп тауар таситын курерлер жұмыссыз қалса таң қалмаңыз.
Адамның интеллектуалды егізі
100 миллион қоданушысы бар атақты Chat GPT-дің де қолданыстан шығатын түрі бар. 2022 жылдың қарашасында әлемді таңғалдырған OpenAI компаниясының GPT-4 жасанды интеллекті бүгінге дейін ең мықты ақылды машина еді. Енді қызметін сурет, видео мен дыбысты, сондай-ақ мәтін мен кодты адамнан да жақсы түсінетін Gemini-ге беруге мәжбүр. Бұл Google-дің ЖИ жүйесі. Gemini-дің «ақылы» ChatGPT-4-тен де, мықты сарапшылардан да озық шықты. Бұл жүйе математика, физика, тарих, құқық, медицина және этика сияқты 57 ғылыми бағытты қамтиды.
Сундар Пичаи, Google компаниясының бас директоры:
- Жобаның қай салада, неге қабілетті екенін айқындап қойдық. Қазір оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде мамандармен бірге қызу талқыланып жатыр.
Gemini ағылшынша егіздер деген ұғымды білдіреді. Google өзінің жасанды интеллект жүйесі адамның интеллектуалды егізі екенін ашып айтпаса да, уақыт өте ақылды машина сезімталдығын арттыра түсетін түрі бар.
Жасанды инттеллект адамның қолын ұзартады
Болашақта адам баласы жұмыссыз қалмай ма? Британиялық ғалымдар жасанды интеллект тек қолымызды үзартады деп сенеді. Жұмыс аптасы қысқарып, адамның өзіне көңіл бөлуіне уақыт көп болады-мыс. Яғни экономикалық жағынан тиімді. 10 жылдан кейін 9 миллион адам төрт күндік жұмыс аптасына көше алады. Тағы 28 миллион қызметкердің жұмыс уақыты 10 пайызға азаяды. Бірақ - жалақы сол қалпы сақталады. Ал еңбек өнімділігі кемі 10 пайызға артады. Демек бұл жұмысшыларға да, компанияға да тиімді. Сондықтан мұны жергілікті билік те қолдайды. Айта кетейін, Ұлыбритания, АҚШ пен Қытайдан кейін бұл саладағы жетекші мемлекеттердің бірі.