Арал тағдырына әлем назарын аудару
Арал тағдырына әлем жеткілікті деңгейде назар аударып отырған жоқ.
"Аштық жайлаған дала" кітабының авторы, зерттеуші Сара Камерон осылай деп ойлайды. Теңіздің тағдырынан адамзат баласы сабақ алмаса мұндай жаһандық деңгейдегі техногендік апаттар өзге де аймақтарда қайталануы ғажап емес.
Арал теңізінің дағдарысы туралы жан-жақты зерттеу жасап, кітап жазып жатқан Сара Камеронның есімі Қазақстанға жақсы таныс. Америкалық зерттеушінің бұған дейін жазған «Аштық жайлаған дала» атты кітабын батыс жұртшылығы таласа оқыды. Соңғы бір жылда Сара Сыр өңіріне бірнеше рет барды. Арал теңізін жағалай қоныстанған халықпен тілдесіп, біраз архивтерді ақтарғанын айтады. Оның сөзінше Арал тағдырына жаһан жұртшылығы әлі де жеткілікті деңгейде назар аударып, сабақ алмай отыр. АҚШ-тағы Үлкен тұзды көлдің тарыла бастауы, оның айналысында болып жатқан экологиялық проблемалар соған дәлел дейді. Әлем халқы арал апатының салдарын жою үшін күш біріктіріп, халықаралық Арал теңізін құтқару қорына көбірек қаржы бөлуі тиіс.
Сара Камерон, Мэриленд университеті тарих кафедрасының доценті:
- Мен мамыр айында Қызылордада Юсайидтің Арал теңізін сақтап қалу бойынша донорларды үйлестіру конференциясына қатыстым. Сонда білгенім, Аралға осы кезге дейін бөлінген халықаралық көмектің көлемі басқа осындай жаһандық экологиялық апаттардың зардабын жоюға бөлініп жатқан қаржымен салыстырғанда әлде қайда аз. Сондықтан халықараралық қауымдастық көбірек назар аударып, қаржылай қолдауын күшейтуі керек.
Аралды құтқару тұтас өңірді сақтап қалумен пара пар. Өйткені сарапшылар алдағы отыз жылда жаһандық температураның жылынуынан Орталық Азия өзге аймақтарға қарағанда екі есеге жуық көп зардап шегетінін айтады. Климаттың күрт өзгеруінен су тапшылығы артып, салдары ауыр қуаңшылыққа соқтырады. Сондықтан сарапшы Уайлдер Санчес аймаққа мейлінше көмек көрсету керек деп отыр. Оның ішінде, «АҚШ - Орта Азия» форматы негізінде келер жылы Қазақстанда экологиялық саммит өткізуді ұсынады.
Уайлдер Санчес, «Second Floor Strategies» консалтинг фирмасының президенті:
- АҚШ президентінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі арнайы уәкілі Орталық Азияға барып, құзырлы мекемелермен Арал теңізі мен аймақтың басқа да экологиялық проблемаларын талқылауы тиіс. Тек Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, басқа да халықаралық серіктестермен арал теңізінің мәртебесі туралы адал әрі жан-жақты талқылау қажет деп есептеймін.
Келесі жылы Қазақстан Халықаралық аралды құтқару қорына басшылық етеді. Басты мақсат бір кездері әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған Арал теңізінің проблемаларына дүние жүзінің назарын қайта аудару. Сонымен қатар еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы аясында Франциямен бірге "Біртұтас су" атты саммитке тең төраға болады.