Арал апаты: Жаһандық жылыну үдей түсуде
Арал қасіреті, адам қасіретіне айналмасын дейік.
Өйткені, теңізден ұшқан тұз Орталық Азияда әсіресе Қазақстандағы жаһандық жылынуды үдетіп жатыр. Қазір жақын жердегі аймақтарда жаз құрғақ әрі ыстық болса, қысы әдеттегіден ұзаққа созылатын болған.
Арал табанынан жыл сайын құрамында химиялық заттар бар миллиондаған тонна құм атмосфераға көтеріледі. Улы тұздар тіпті Антарктидаға дейін жеткен. Бұл мұздықтардың еруін жылдамдатып жатыр. Ал Аралды құтқару жағына келсек, көрші Өзбекстанның экожүйені қалпына келтірудегі тәжірибесі мол.
Арал қасіреті 20 ғасырдың ең ірі антропогендік, яғни адамның іс-әрекетінен туындаған экологиялық дағдарыстың бірі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдері осылай деп отыр. Теңіздің құрғап қалуы маңайдағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне ғана емес, аймақтағы климатқа да кері әсер етті. Сөйтіп 100 шақырым радиустағы жерде жаз құрғақ әрі ыстық бола түссе, қысы суық әрі ұзаққа созыла бастады. Жауын-шашын азайды. Соның салдарынан Арал табанынан жыл сайын 75 миллион тонна құм атмосфераға көтеріледі. Оның құрамында кезінде мақта алқаптарын суару үшін қолданылған химиялық заттар да бар. Маңайды айтпағанда, Арал аймағындағы улы тұздар тіпті Антарктидадағы пингвиндердің қанынан да табылған. Мұның бәрі онсыз да тез жүріп жатқан мұздықтардың еруін жылдамдатып жатыр. Демек жаһандық жылыну үдей түседі.
Фолькер Тюрк, БҰҰ өкілі:
- 2000-2023 жылдар аралығында табиғат апаттар жиілеп, оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда, 134 пайызға артқан. Одан ауыл шаруашылығы саласы қатты зардап шегіп отыр. Бұл қазір әсіресе Азия, Африка, мен Оңтүстік Америка елдерінде байқалуда. Өкінішке қарай, уақыт өте келе, әлемде жаһандық жылынудың әсері сезілмеген бірде бір ел қалмайды.
Арал мәселесі саммитте талқыланды
Арал мәселесі екі аптаға жалғасқан Дубайдағы климат жөніндегі саммит кезінде де талқыланды. Бұл тақырыптың көтерілуі бекер емес. Өйткені жаһандық жылынудың әсері қатты сезіліп отырған өңірдің бірі – осы Орталық Азия. Мұнда орташа температураның көтерулі жылдам жүріп жатыр. Қатты ыстық күндер саны екі есе көбейген. Мұздықтардың үштен бірі еріп кеткен. Содан топырақ та бүлініп, бұл аймақтағы 30 миллионнан аса адамның өміріне кері әсер етіп отыр. Сол себепті Біріккен Араб Әмірліктеріндегі саммитте Өзбекстан тарабы Арал маңын экологиялық дағдарыс аймағынан инновациялар, жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер аймағына айналдыруға ниетті екенін жеткізді. Көршіміздің алаңдауы бекер емес. Өйткені Арал атырабының жалпы аумағы 6 миллион гектарға тең болса, соның жартысынан көбі Өзбекстанға тиесілі.
Аралды құтқару шаралары
Қазақстан оңтүстіктегі көршімізбен бірігіп, кешенді орман өсіру жобасын бастады. Ресми Ташкент бұл істе біраз алға жылжыған. Жалпы аумағы 1 миллион 700 мың гектар жерге сексеуіл және өзге де өсімдік егіліп жатыр. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 600 мың гектар шамасында. Десе де біз 2025-жылға дейін жасыл желек өсетін жер аумағын 1 миллион гектардан асыруға ниеттғаіміз. Ғалымдардың есептеуінше, 1 гектар аумақта өсіп тұрған сексеуіл,,,жыл сайын 1200 келі көмірқышқыл газын сіңіреді де, 850 келі оттегін бөледі. Сондай-ақ 800 тонна құмның ұшып кетуін болдырмайды. Бұдан бөлек Қазақстан Сырдария суының біршама бөлігін Аралға бұрып, ондағы халықтың ата кәсібі – балық шаруашылығын жандандырып келеді. Осындай жобалардың арқасында 2030-жылға қарай Өзбекстан Арал қайраңының 78 пайызын жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр. Бұл мақсатқа көрші ел бюджетінен жыл сайын 25 млрд сом бөлінеді.
Қажымұрат Толипов, Өзбекстанның Орман шаруашылығы агенттігінің бас маманы:
- Қазір сексеуіл отырғызу қиындық туғызатын аймақтар ғана қалып отыр. Жыл сайын 100 мың гектар аумақты қамтуға тырысамыз. Бұл ретте қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс атқарамыз. Бір-біріміздің технология, әдіс-тәсілдерімізбен танысамыз. 2028 жылға қарай Өзбекстан тарапы жалпы аумақтың 60%-ын, ал 2030 жылға таман 78% пайызын жасыл желекке айналдыру жоспарын қойып отыр.
Аралды құтқаруға қауқарлымыз ба?
Өкініштісі сол, сарапшылар Аралды толық қалпына келтіру мүмкін емес дейді. Осы күні теңіздің солтүстік және батыс бөлігі ғана сақталған. Қазір ең бастысы - экологиялық апаттың кері әсерін азайту. Сондай-ақ қалған суды сақтау мен үнемдеуге басымдық беру қажет. Мамандар теңіздің солтүстік бөлігіндегі ахуал жақсарса, батысына да оң әсер ететінін айтады. Бұл үшін өңірдегі елдер күш біріктіруі тиіс. Бұл ретте 1993 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан басшыларының бастамасымен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істеп тұр. Бұл орган 2008-жылы БҰҰ-нда бақылаушы мәртебесіне ие болды. Қор суды бөлу, ортақ басқару, ресурстарды пайдалану және қорғау бойынша бірқатар келісімшарттар қабылдады, бірнеше бағдарламаны іске асырды. Бүгінде Кіші Аралды қалпына келтіру бойынша көп жұмыс жасалып жатыр. Нәтижелері де жаман емес. Сондықтан сарапшылар үміт зор екенін айтады.
- Жалпы, Арал мәселесі адамдардың іс-әрекетінің салдары қаншалықты ауыр болатынын көрсетіп отыр. Десе де бұл адамзаттың экологиялық мәселені шешіп, қоршаған ортаны қалпына келтірудегі мүмкіндігі шексіз екенін де аңғартады. Сондықтан бәрі де өз қолымызда дейді сарапшылар.