Урбанизация vs Ауыл шаруашылығы. Шартарап
Үндістанда ауыл шаруашылығымен көбіне жасы 60 пен 80 жас аралығындағы егде адамдар айналысады.
Қара жұмыстан әбден қажыған ата-аналардың өзі балаларына «ауылда қалмаңдар, қалаға көшіңдер» деп үгіттейтін көрінеді. Тіпті билік те Үндістанда ауыл шаруашылығымен айналысу өте ауыр екенін жасырмайды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 11 мың шаруа өзіне қол жұмсаған. Көптеген елдегі сияқты ауылдық жерде жұмыс тапшы. Жұрт қаланың өмір сүру сапасы жақсырақ, білім алу, медицина деңгейі жоғары деп есептейді. Бұдан басқа, мұнда климаттың өзгеруіне байланысты құрғақшылық, су тасқыны сияқты табиғи апаттар белең алған.
Кавех Зейхеди, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшысы:
- Бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды делініп келген жердің 30 пайызы тозып барады. Бұл әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп тұр. Сондықтан ірі қалаларда ауаға зиянды қалдық бөлетін көлік санын шектеп немесе оларды таза энергияға ауыстыру қажет. Қалалардың көбейгені және кеңейгені де біз үшін соншалықты тиімді емес. Ауыл шаруашылығына зор зиян келіп жатыр.
Судағы сиыр қора
Бүгінде ғаламдық жылынудан зардап шекпей отырған ел кемде-кем. Бірақ ауыл шаруашылығымен айналысатындардың бәрі бірдей қалаға қашып жатқан жоқ. Заманға сай амалдап жатқандары жетерлік. Нидерландта судың бетіне сиыр қора сала бастады. Олар аша тұяқты жануарды қалқымалы шаруа қожалығында бағып, жем-шөбін беріп, сүтін сауып, өнімін алып отыр. Шаруалар енді осындай екінші ферманы ашуға бел буған.
Минке Ван Уингерден, қалқымалы шаруа қожалық иесі:
- Климат өзгерді деп қалаға қоныс аударудың түкке қажеті жоқ. Тек бейімделе білу керек. Керісінше, өзен мен мол судың ортасында отырып, қала тұрғындары үшін табиғи, құнарлы азық-түлік дайындап, көп пайда табуға болады. Осындай тәсілмен біз өндірген сүттің сапасы өте жақсы.
Джейк Босуелл, ауыл шаруашылығы архитектурасының профессоры:
- 3 қабаттан тұратын қалқымалы бұл құрылғыны құрастыру, бұзу өте оңай. Зиянды қалдық бөлмейді. Жер, топырақтың қажеті жоқ. Бұл жобаны егіншілік мақсатында да кеңінен пайдалануға болады деп есептеймін.
Урбанизацияны енді ешкім тоқтата алмайды
Табиғат әу бастан өз үйлесімін тапқан. Қала мен дала да сондай. Климаттың өзгеруі себепті жер құнарынан айырылса, өзге бір аймақты су басып, орманды өрт шалған. Қай құрлыққа қарасаң да осы. Сондықтан сарапшылар урбанизацияның көшін енді ешкім тоқтата алмайды дейді. Тек әр ел өзіне тиімді шешімдер қабылдап үйренуі керек.
Айуб Шарифи, Хиросима университетінің профессоры:
- Бар үміт - ақылды қалаларда. Қоршаған ортаға залалы жоқ көліктер мен инфрақұрылым жасақтай алған шаһарлар ғана адам өмірі үшін жайлы болмақ. Яғни энергия мен суды пайдаланудың тиімділігін арттырған жөн. Бұл үшін ғылым мен озық технология қажет.
Иә, сарапшылар урбанизация барлық жағынан жоғары дамыған елдерде қарқынды жүріп жатқанын айтады. Бұған жоғарыда Үндістан мен Нидерландты мысал ретінде келтірдік. Десе де ғалымдар 2050 жылға қарай дамушы мемлекеттердің 64, ал дамыған елдердің 86 пайызы урбандалатыны анық дейді.