Ауаның ластануы алаңдатты
Ауаның ластануы Оңтүстік Азия үшін өзекте мәселе.
Әсіресе Пәкістандағы ахуал алаңдатарлықтай. Мұндағы лас ауа кісі өлімінің ең негізгі 5 себебінің бірі екен. Құрбандар арасында егде жастағы тұрғындармен қоса бүлдіршін де көп. Емделіп жатқанкішкентай науқастардың да саны өсіп жатыр. Өткен айдан бері медициналдық көмекке 2 есе көп бала жүгінген.
Мария Ифтихар, дәрігер-педиатр:
"Ауаның ластануынан балалар жапа шегіп отыр. Ауруханада әсіресе мектепке дейінгі жастағы бүлдіршін көп. Күрк-күрк жөтеліп жатыр. Мұрындарын су ағып, тыныс алулары қиындаған."
Сайма Чаудхри, дәрігер-гинеколог:
"Бұрын жүкті әйелдер қатты ыстық кезде қан қысымының көтерілуіне жиі шағымданатын. Індет енді жылдың төрт мезгілінде де тіркелуде. Әдетте былай болмайтын. Бұған не себеп деп бас қатыра бастадық. Зерттеу нәтижелері мұның себебі түтін екенін көрсетіп отыр."
Пәкістанда да ауа сапасына бірнеше фактор әсер етеді. Мұнда көлік көп. Сосын жұрт үйлерін жылыту үшін көмір жағады. Оған өнеркәсіп орындарын қосыңыз. Фермерлердің жиын-терін аяқалғаннан кейін масақ өртеуі де үлкен мәселе. Шаруалар осылайша келесі маусымға дайындалады. Көрші Үндістанда да тура осындай жағдай. Әсіресе ел астанасы Нью-Дели тұрғындары көк түтіннен көз ашпайды. Шаһар маңында,,,экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына тәуелді штаттар орналасқан. Олар күріштің отаны саналады. Аймақта жыл сайын 18 миллион тонна өнім шығады. Негізі әлемдегі өндірістің 40 проценті осы Үндістанның үлесінде. Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі демекші, билік шаруалардың жұмысын шектейін десе, табыстан айырылады. Сондықтан экологиялық ахуалға ешкім бас қатырмай отыр.
Начхтар Сингх, фермер:
"Біз жылына екі рет егін жинаймыз. Алқаптарды келесі маусымға дайындауымыз керек. Бидай егеміз. Онымен тек жергілікті тұрғындарды ғана қамтамасыз етпейміз. Бидайды сыртқа да экспорттаймыз. Бірақ билік масақ өртейтін кезде тексеруді күшейтіп жібереді. Полиция қайта-қайта мазаны алып, шаруаларды қамауға алған деректер де бар."
Еуропада да экологиялық ахуал мәз емес. Кәрі Құрлықтағы ауасы ең лас елдің бірі - Босния және Герцеговина. Әсіресе ел астанасы Сараевода жағдай күрделі. Себебі күн суытты. Тұрғындар көмір жаға бастады. Билік 2035-жылға таман көмірқышқыл газынан арыламыз - дейді. Бірақ көпшілік бұған күмәнмен қарайды. Өйткені жаһанды жайлаған қымбатшылық кесірінен жұрт үйін жылыту үшін отынның арзан түрін таңдайды. Сосын ескі көлікті тізгіндегендер де көбейген.
Теуфик Хадзиосманович, пульмонолог:
"Сараевода ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп отыр. Тыныс алу жолдарының ауруларына шағымданып жатқандар көп. Тек қарт кісілер ғана емес, арасында жастар да көп."
Сарапшылар ең бастысы - қатты отынды пайдалануды азайту қажет дейді. Экологиялық ахуалдың жақсаруы үшін ең керегі осы. Кейінгі кезде климаттың өзгеру мәселесі ушыға түскен сайын мұндай үндеулер жиі айтылып жүр. Сарапшылар бұл мақсаттарға көп ақша бөліну маңызды екенін жасырмайды.