Алып державалар жаппай қырып-жою қаруын дамытып жатыр
Алпауыт мемлекеттердің өзара келісімдерді үзіп, жаппай қырып-жою қаруын жетілдіру тақырыбына қайта оралуы бейбіт әлемге қатер төндіріп тұр.
АҚШ-та бас қосқан халықаралық сарапшылар осылай деп алаңдаушылық білдірді. Қару-жарақты бақылау қауымдастығы мен Қазақстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған жиыннан тілшіміз Айжан Сыдықова сөз алады.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Ядролық қаруды таратпау мен бақылаудың жаһандық жүйесі әлемге төнген қауіпті едәуір азайтқан еді. Бірақ соңғы жылдары жағдай күрт өзгерді. Жаппай қырып-жоятын қаруы бар елдердің қарым-қатынасы нашарлап кетті. Бұған дейін жасалған өзара уағдаластықтар бұзылды. Қазір ядролық күштер туралы және баллистикалық зымырандарға қарсы шарттар жоқ. Таяуда Ресей ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарттан бас тарқанын мәлімдеді. Қос алпауыт АҚШ пен Ресей арасындағы соңғы келісім – Қару-жарақты қысқарту жөніндегі жаңа стратегиялық шарт 800 күннен соң күшін жояды. АҚШ Мемлекеттік хатшысының халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Томас Контриман ядролық елдер арасындағы диалогтың үзілуі қауіпті еселей түседі деп отыр.
Томас Контриман, Қару-жарақты бақылау қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Өзара келесім болмаса да, талқылаулар жалғасуы керек. Ешқандай алдын-ала шартсыз. Ауқымды кездесулер болмай-ақ қойсын. Тек диалог үзілмеуі қажет. Кездесулер ресми болмаса да, жоғары деңгейде өтпесе де, байланыс сақталуы тиіс.
Алып державалар жаппай қырып-жою қаруын дамыту жарысына түсіп кетті. Біреуі зымырандық қорғаныс жүйесін жетілдіріп, ядролық қару жарағын қазіргіден де қуатты ету үшін қыруар қаржы бөліп жатыр. Оған жауап ретінде келесі бірі ядролық оқтұмсық ұшыруға қабілетті, дыбыстан 27 есе жылдам деп сипаттайтын құрлықаралық баллистикалық зымыран кешенін шекарасына орналастырды. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, мұндай тенденцияға әлем болып қарсы тұру керек, белсенді азаматтар өз елдерінің ядролық саясатын өзгертуге күш салуы тиіс. Бұл орайда Қазақстанның жаппай қырып жою қаруына тыйым салу жөніндегі бастамасын қолдау – заман талабы.
Дарил Кимбалл, Қару-жарақты бақылау қауымдастығының атқарушы директоры:
- Қазақстан ядролық сынақтарды тоқтау мен ядролық қарудан азат әлем құру жолында көшбасшылық етіп отыр. Енді алпауытта өзара жарысқа түспей, ядролық қару санын шектеуі тиіс. Өзге елдер де қарусыздану ісіне атсалысуы қажет. Бұл жандық қауіпсіздік үшін және түптеп келгенде әрбір адамның амандығы үшін керек.
Қазақстан бастамашы болған Ядролық қаруға тыйым салу келісімі 2 жыл бұрын күшіне енген болатын. Қазіргі таңда 69 мемлекет Шартты ратификациялап үлгерген.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Осылайша, бұл құжат әлем тарихында алғаш рет ядролық қаруды иеленуге халықаралық құқық негізінде тыйым салды. Еліміз алдағы 2 жылда әлемдегі өзге де мемлекеттердің осы құжатқа қосылуына күш салмақ.
Авторы: Айжан Сыдықова.