Биыл «ТҮРКСОЙ» ұйымына 30 жыл
Айтулы датаға орай Анкарада гала концерт өтті. Түркия астанасының ірі сахналарының бірінде ұйымдастырылған шарада көрермендер түбі бір түркі жұртының өнерімен танысты.
ТҮРКСОЙ ұйымы өткен 30 жылда түркі халықтарның рухани байланысына зор үлес қосты. Көкжиегі шексіз өнер атты ұлы мұратты арқалаған өнерпаздар Анкара сахнасында барын салды. Ән айтты, би биледі.
Өзбек ағайындар дойрада соғып, кештің көркін кіргізді.
Әзербайжанның халық әні «Сары қызды» тындаған жұрт еріксіз көзге жас алды.
Қазақстаннан келген ұжымды түріктер ата жұрт дейді. Ризашылықтарын білдірді.
Ахмет Мерви, көрермен:
- Бүгінгі кештен кейін өнеріміздің, тарихымыздың қандай терең әрі ғажайып екеніне көзім жетті. Өзімді құдды бір кең далада жүргендей сезіндім. Керемет әсер алдым.
Дилара Йолдемир, көрермен:
- Бірінші рет осындай концертке қатысып отырмын. Тұла бойым тітіркенді. Өнердің құдіреті шексіз.
Анкарадағы өнер кеші мұнымен шектелмейді. Халықаралық ұйым БҰҰ сахнасында күллі түркінің өнерін паш етуге ниетті.
Меруерт Қанағат, "24.KZ"