Соғыс кезінде жойыла жаздаған асыл тұқымды жылқыны қазақ жері сақтап қалған
Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі Терск жылқы зауытының ғасырдан астам тарихы бар.
Таза қанды, асыл тұқымды араб жылқыларын өсіретін шаруашылық әлемге әйгілі. Бәйгеге түсетін сәйгүліктері, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кете жаздаған. Қауіп төнген кезде киелі сәйгүліктерді қазақтар сақтап қалғанын біреу білсе біреу білмейді.
"Терск" ат зауытының атауына түбі түркі «Терек» топонимі негіз болған. Мұнда 135 жыл бойы таза қанды араб жылқысы өсіріледі. Сонымен бірге Франция, Польша, Англиядан алып келінген жылқыларды будандастырудың нәтижесінде "Терск" деген жаңа тұқым пайда болған. Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде асыл тұқымды жануарларға жойылып кету қауіпі төніп, сәйгүліктерді қазақтар сақтап қалады.
Дана Нұржан, тілші:
- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде яғни 1941 - 1943 жылдары Терск ат зауытының жылқылары түгелдей Қазақстанға көшіріледі. Жазда жайылымда, қыста тебінде бағып, күтіледі. Бастапқыда біздің елдің климаты бұл жылқылар үшін қатал көрінгенімен сәйгүліктер тез жерсініп кетеді. Осылайша Терск тұқымын аман сақтап қалады. Құпия құжат дерегі бойынша зауыт жылқыларының барлығы дерлік кері қайтарылған. Тек жол көтере алмағандары қалдырылған. Бірақ олардан тараған тұқым жайлы еш мәлімет жоқ.
Соғыс жылдарындағы эвакуация кезінде Терск шаруашылығында 800 бас жылқы болған. Қазақ даласына жануарлардың жауһарлары эшелонмен көшірілген.
Владимир Самойленко, селекционер:
- Жау Минералды сулар станциясын бомбалап, шаруашылыққа қауіп төнді. Сол кезде аса құнды жылқыларды пойызбен Қазақстанға жеткізу туралы шұғыл шешім қабылданады. Көп ұзамай 375 жылқы эшелонға тиеледі. Қалғандарын айдап апарды. Бізден бөлек Ростов, Краснодар зауыттары да көшірілді. Ондағы аттар Қазақстанға Жайық арқылы үйір үйірімен айдап, жеткізілген.
Соғыстан кейін жылқылар Ставрополь өлкесіне қайта жеткізіледі. Қазір Терск ат зауытында үш жүзге жуық жылқы бар. Оның ішінде 260-ы таза қанды араб сәйгүлігі. Шаруашылық қазақстандық әріптестерімен тығыз байланысын үзген емес.
Ольга Бирюкова, Терск жылқы зауытының бас зоотехнигі:
- Олар нағыз кәсіпқойлар. Қазақстанда араб тұқымы ғана емес, ағылшындардың таза тұқымын жазбай танитын атбегілер көп. Жарыстарға қатысып, үнемі жүлде алып жүрген сәйгүліктері қаншама. Биыл Қазақстаннан келген Кәбірхан атты ағылшынның асыл тұқымды айғыры Ресейдегі бәйгелерде бірнеше рет жүлделі орын иеленеді.
Терск зауытының арғымақтарын шетелдіктер де өте жоғары бағалайды. 2005 жылы осы шаурашылықтан шыққан Пеле атты дүлдүл АҚШ-қа үш миллион долларға сатылған. Бұл ТМД елдеріндегі баға бойынша әлі де теңдесі жоқ рекорд.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров