Қытайдағы зілзала: іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Қытайда бүгін түнде болған зілзаладан көз жұмғандар саны 120 адамнан асты.
Тағы 700-дей тұрғын жарақат алған. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған ел әскері жұмылдырылған.
Білуімізше, Қытай сейсмикалық қаупі жоғары аймақта орналасқан. Сондықтан мұнда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Бірақ соған қарамастан апат тіркелген аймақтағы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі төмен болған. Сол үшін де қираған құрылыс көп.
Ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі төмен
Жер сілкінісі елдің солтүстігіндегі Ганьсу провинциясында тіркелген. Табиғи апат түнде жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде болған. Құрбандар санының көптігі де осыдан. Оның үстіне апат болған өңірдің экономикасы әлсіздеу. Сондықтан елдің шығысымен салыстырғанда жергілікті ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі төмендеу. Жерасты дүмпулері көрші Цинхай провинциясында да сезілген. Мұнда да опат болғандар бар. Десе де зілзаладан Ганьсу өңірі қатты зардап шеккен. 5 мыңдай ғимарат қирап қалғаны жөнінде ақпарат тарады.
Күннің суығы құтқару жұмыстарын қиындатып тұр
Құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Әдетте зілзаладан кейінгі 72 сағатты «алтын кезең» деп атайды. Өйткені бұл уақыт аралығында үйінді астындағылардың тірі қалу мүмкіндігі жоғары. Алайда жығылғанға жұдырық демекші, зілзала болған өңірде күн күрт суып кеткен. Аймақта түнде ауа температурасы минус 14 градусқа дейін төмендепті. Бұл құтқарушылардың жұмысына кедергі. Ауа райының салдарынан үйінді астында қалған адамдардың жағдайы да қиындау. Баспанасыз қалған адамдардың да жағдайы мүшкіл. Себебі кейбіреулер шатырлы лагерьлерде тұрып жатыр. Маңайдағы тұрғындардың біразының үйінде жарық жоқ.
Гао Сяомин, Ганьсу провинциясы табиғат апаттары жөніндегі басқармасының өкілі:
- Алдағы күндері өңірде жаңа жерасты дүмпулерінің қайталану қаупі сақталады. Сондықтан афтершоктардың жиілігі мен ұзақтығын бақылап отырмыз. Ол үшін мобильді жабдық орнаттық. Мониторингті күшейттік.
Мамандар: Зілзала қайталануы мүмкін
Иә, мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырды. Зілзаладан кейін аймақта 10 афтершок тіркелген. Қытай Еуразиялық, Үнді және Тынық мұхитының тектоникалық тақталарының түйісетін өңірінде орналасқан. Сондықтан сейсмикалық қаупі жоғары аймаққа жатады. Зілзала тіркелген Ганьсумен көршілес Сычуань провинциясында 2008 жылы табиғат апатынан 87 мыңнан аса адам қайтыс болған.