Рождестволық жәрмеңкелерде баға қымбаттап кеткен
Немістер үнемшіл халық екені мәлім.
Бірақ Рождество не Жаңа жылға келгенде өзге де еуропалықтар секілді сыйлыққа ақша аямайды. Бірақ биыл көбінде ондай мүмкіндік болмайтын сияқты. Онлайн сауалнамаға қатысқан Германияның әрбір бесінші тұрғыны сыйлықты тек отбасы мүшелеріне ғана жасайтынын жеткізді. Оның өзінде де көп шығындалмайтынын айтады. Өйткені бәрінің бағасы аспандап тұр. Сондықтан биыл немістер рождестволық сыйлықтарға ары кетсе 250 еуро жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл біздің ақшамен 125 мың теңге шамасында. Жергілікті жұрттың алаңдайтынындай бар. Өйткені, Германияда экономикалық өсім баяулап барады. Инфляция деңгейі жоғары. Сонымен қоса жұмыссыз жүргендер көп.
Ұлыбритания экономикасындағы жағдай да мәз емес. Мұнда да өсім баяулады. Инфляцияны тежеу үшін көтерілген пайыздық мөлшерлеме кейінгі 10 жылда болмаған ең жоғары деңгейде. Келер жылы жарық пен жылу ақысы тағы қымбаттайын болды. Ал бұл азық-түлік өнімдері мен қызмет құны да өседі деген сөз. Сондықтан тапқан тиын-тебенімізді коммуналдық төлемдерге әрең жеткізіп жүргенде сыйлық жасау қайдам дейтіндер аз емес. Еуропаның көп елдеріндегідей мұнда да жұмыста «Сиқырлы Санта» ойынын ойнату дәстүрге айналған. Алайда биыл одан бас тартып жатқандар көп. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен үштен бірі мұны бекер мал шашпаққа теңеп отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін де шығын. Сөйтіп тауарларына түрлі жеңілдіктер ұсынса да дүкендердің саудасы жүрмей жатыр.
Жасмин Бирлтз, тұтыну саласы бойынша сарапшы:
«Қазір халық майда-шүйде зат сатып алуға ақша таппай қиналуда. Соңғы зерттеулерге сәйкес жаппай сатылым болатын “Жомарт жұма” науқаны кезінде былтыр сұраныстың 61 пайызға, биыл 44 пайызға азайғанын аңғарып отырмыз».
Франция тұрғындары да биыл сыйлық сыйлау әдетін өзгертуге мәжбүр. Өйткені мұнда да тұрғындарды қымбатшылық қыспаққа алуда. Басқасын айтпағанда, азық-түлік құны бір жылда 8 пайызға өскен.
БЛИЦ
«Биыл бұрынғыдай жағдай жоқ. Балаларыма сыйлық әпере алмаймын. Олар аяқ киім сұраған еді. Бірақ қазіргі бағасына сатып ала алмаймын. Сондықтан жеңілдіктер басталғанын күтіп отырмын. Абырой болғанда, балаларым бұған түсіністіпен қарайды».
«Бұрын Париж әлемнің өзге мегаполистерімен салыстырғанда, баға жағынан арзандау болатын. Пәтерақысы, тамақ, киім-кешек қымбат болмайтын. Бірақ қазір жағдай өзгерді».
Қазір Еуропада рождестволық жәрмеңкелер өтіп жатыр. Онда да бағалар аспандап барады. Бұған әсіресе Венргия тұрғындары көп шағымданып жатыр. Елде осымен 2 жыл қымбатшылық жалғасуда. Еуроодаққа 27 мемлекеттің ішінен дәл осы Венгрияда биыл инфляция ең жоғары деңгейде. Меже 25 проценттан асады. Әсіресе азық-түлік қатты қымбаттады. Былтырмен салыстырғанда баға 50 пайызға өскен.