Израиль премьер-министрінің жаңа мәлімдемесінде не айтылды?

Газа секторында Израиль шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 20 мыңға жетті.

Опат болғандардың жартысына жуығы – балалар. Қақтығыс басталғанына 2 айдан асты. Бұл ретте Израиль премьер-министрінің жаңа мәлімдемесінде не айтылды?

Жаңа туған шақалақ құтқарылды

Бұл – Амин Әл Масри. Бір тәулік бұрын Рафах қаласындағы ауруханаға жасалған шабуылдан аман қалған. 2 рет жасалған зымыран соққысынан кейін әрең ес жиса да, айналасындағы жандарға көмек беруді ұмытпады. Туғанына 3-ақ тәулік болған шақалақ пен оның анасын үйінді астынан аман алып шықты.

Амин Әл Масри, Рафах қаласының тұрғыны:

- Зымыран соққысынан кейін ғимараттың күлі көкке ұшты. Бізге еш нәрсе көрінбей қалды. 3 күн бұрын кесарь тілігі жасалған әйел мен шақалақ қыз баланы өзіммен бірге алып жүріп, үйінді астынан бірге аман шықтық.

 

Науқастарға орын жетпей жатыр

Ал Рафахтағы Кувейт ауруханасы науқастарға лық толы. Себебі 270 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарда бар болғаны 2 ірі аурухана мен бірнеше шағын медициналық орталық қана бар. Жаралылар саны күрт көбейген соң ем-домға арналған медициналық жабдық та жетпей жатыр.

Джамал Хамс, Кувейт мамандандырылған ауруханасының директоры:

- Қақтығысқа дейін біз күніне 100-ге жуық науқасты қабылдасақ, қазір олардың саны 1000-нан асты. Яғни, 10 есе көп жұмыс істеу керек. Алайда біздің аурухана қызметкерлерінің саны тек 40-тан 160 адамға дейін өсті. Дәрігерлердің көз шырымын алуға уақыты жоқ. Бұл жағдайдан жұқпалы аурулардың таралу қаупі туындап отыр.

 

Нетаньяхудың мәлімдемесі

Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ХАМАС тобынан райынан қайтып, берілуді тағы талап етті.

Беньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз соғысты соңына дейін жалғастырамыз. Яғни, ХАМАС жойылғанға дейін беріспейміз. Біз сондай-ақ олардың сыбайластарын да аямаймыз. ХАМАС бас тартпаған жағдайда түгел қырылады! Таңдау өздерінде.

 

20 мыңға жуық палестиналық қаза тапты

Ал ХАМАС баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Газа секторында Израиль шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 20 мыңға жетті. Опат болғандардың 8 мыңға жуығы бала және 6200-і – әйел. 7 қазан күні басталған қақтығыс салдарынан 52 мыңнан астам адам жарақат алып, тағы 6700 тұрғын хабар-ошарсыз кетті. Жалпы алғанда, 310 медицина, 35 азаматтық қорғаныс қызметкері және 97 журналист қаза тапқан.

Авторы: Сымбат Молдатай.