Калифорния штатында ақ жауын соңы тасқынға ұласты

АҚШ-тың Калифорния штатында ақ жауын соңы тасқынға ұласты.

Салдарынан елді мекендерді су басып жатыр. Үндістан халқы да нөсер жаңбырдың салдарымен күресуге мәжбүр. Ал Австралия тұрғындары орман өртінен шаруашылығын қорғай алмай әлек. Тәулік бойы тіркелген табиғи апаттар мен олардың салдары жайлы келесі бейнематериалда.

Нөсер жаңбыр су тасқынына ұласты

Бұл – Калифорния жағалауындағы Санта-Барбара қаласы. Тәулік бойы селдетіп жауған жаңбырдан шаһардың көп бөлігін су басқан. Кей жерлерде тасыған су белуарға жетеді. Қалада көлік қатынасы тұралаған. Толассыз жауыннан Вентура округіндегі тұрғындар шұғыл эвакуацияланып жатыр. Себебі метеорологтар ақ жауын алдағы күндері жалғасады деп ескертіп отыр.

 

Табиғат апатынан 10 адам опат болды

Үндістанның оңтүстігіндегі Тамил Наду штатының тұрғындары да нөсер жаңбырдан зардап шекті. Толассыз жауынанн өзендер арнасынан асып, елді мекендерді су басты. Құтқарушылар тұрғындарға жету үшін резеңке қайықтармен қозғалуға мәжбүр. Табиғат апатынан кем дегенде 10 адам қаза тапқан.

 

Орманды алқап отқа оранды

Ал Австралияның батысында орман алқаптары отқа оранды. Жалыннан бірнеше үй жанып, 2 тұрғын жарақат алды. Тілсіз жаудың тұтануына ыстық әрі құрғақ ауа райы себеп. Қазір аймақта төтенше жағдай жарияланып, кей мекеннен тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

Айта кетейік, бұл – Австралияда соңғы 2 тәулікте тіркелген төртінші орман өрті.

 

Жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 135-ке жетті

Ал Қытайда 18 желтоқсанда тіркелген жер сілкінісенн 135 адам опат болды. 145 мың адам зардап шекті. Тәуелсіз сарапшылар табиғи апат құрбандарының көп болуы зілзала жайлы хабардың дер кезінде бәріне таратылмағанынан дейді. Өңірде халықтың тығыз орналасуы да кері әсерін тигізген. Қуаты 6 балдық зілзаладан Ганьсу және Цинхай провинцияларында 200 мыңнан астам ғимарат қирап қалған.

Авторы: Сымбат Молдатай.