Газа халқы аштықпен алысып жатыр. Шартарап
Бүгінде 600 мыңға жуық адам ас-сусыз отыр.
Ушыққан жағдайға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Бірақ Израильдің бұған құлақ асар түрі жоқ. Бұл елдің күштері елді мекендерді бомбалауды жалғастыруда.
Өкініштісі сол, аймақтағы шиеленістен қарапайым халық жапа шегіп жатыр. Осы уақытқа дейін қақтығыстан 20 мың палестиналық қаза тауып, 52 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл аздай, мыңдаған тұрғын қазір аштықтың азабын тартып отыр.
Аштықпен арпалыс
Соғыс жүріп жатқан Газа секторында қарапайым халықтың күнелтуі күннен-күнге қиындап барады. Бүгінде әрбір төртінші адам аштық тауқыметін тартып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы осылай дейді. Бұған дейін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аймаққа гуманитарлық көмек жеткізген еді. Алайда оның өзі түгесілуге таяу.
Тахани Наср, жергілікті тұрғын:
- Балаларымды тамақтандыру үшін қайыр тілеуге мәжбүрмін. Алайда одан еш нәтиже жоқ. Аштықтан кішкентайларым әбден азып-тозып, денсаулықтары сыр беріп жатыр. Бүгін балаларым тауық етін жегілері келетінін айтты. Ал мен оны қайдан алам?
Ашраф Басал, жергілікті тұрғын:
- Бүгін балаларым мен немелерімді жинап, әрқайсысына бір үзім нан мен шай ғана бердім. Түскі асымыз да осындай. Амал жоқ, осылай күнелтуге мәжбүрміз.
Салва Кош, жергілікті тұрғын:
- Ендігі күніміз не болмақ? Ас-судың өзін қайдан, қалай табатынымызды білмейміз. Бүгін 2 жастағы балама бір шыны ауызсуды зорға таптым.
Аймақта азықтың сарқылуына Израильдің өңірді қоршауға алып, гуманитарлық көмекті шектеуі себеп. Соның кесірінен жергілікті жұртқа қажетті жәрдем жеткізлмей отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы агенттігі келтірген дерекке сәйкес, бүгінде Газаға қажетті азық-түліктің 10 пайызы ғана жетуде.
ДДСҰ: Аймақта аурухана тапшы
Ахуалды ушықтырып тұрған тағы бір мәселе – зардап шеккен халыққа көмек көрсететін мекемелердің жоқтығы. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының дерегі бойынша, қазіргі таңда аймақтың солтүстігінде науқастарға толыққанды қызмет көрсететін бірде бір аурухана қалмаған. Соның кесірінен халық қатты зардап шегіп отыр. Осыған байланысты халықаралық ұйым өкілдері үлкен қауіп-қатерге қарамастан, әл-Ахли ауруханасына барып, қажетті дәрі-дәрмек, хирургиялық материалдар мен зарарсыздандыру препараттарын жеткізді. Бірақ аурухананың операциялық бөлімінің енді жұмыс істеуі екіталай. Себебі онда электр энергиясы мен су жоқ.
Шон Кейси, ДДСҰ жедел медициналық көмек тобының үйлестірушісі:
- Газа секторының солтүстігі мен Газа қаласының өзінде ота жасау бөлмелерінің ешқайсысы жұмыс істемейді. Соның салдарынан жарақат алған науқастар қажетті ем-домын ала алмай отыр. Оларға тек ауырсынуды басатын дәрілер ғана қолданылып жатыр. Бұған қоса, маман тапшы. Қазір емханада он шақты адам ғана жұмыс істеп жүр.