АҚШ-та қарттарға арналған құлтемір пайда болды
АҚШ-та жалғызбасты қарттарға арналған робот пайда болды.
Жасанды интеллект арқылы басқарылатын шағын ғана құрылғы бір мезетте бірнеше міндетті атқара алады. Робот Форт-Лодердейл қалашығында жалғыз тұратын Джойс Лоазияның көңілін көтеріп, әңгіме дүкен құратын серігіне айналды. Қарт құлтемірмен ұзақ сөйлесіп, кей кездері күннің қалай өткенін де байқамайды. Лоазия тіпті жаңа көмекшісімен өзін көп толғындыратын күрделі тақырыптарды да талқылап тұрады.
Джойс Лоазиза, тұрғын:
- Бұл робот тірі адамның орнын алмастыра алмас, дегенмен оның атқаратын функциялары адам әрекеттерінен асып түспесе, кем түспейді.
Құлтемір жасанды интеллект арқылы басқарылады. Бірегей құрылғы иесімен жай ғана сөйлесіп қоймай, күліп, ойнап, көз жасына да ерік бере алады. Керек кезде әзіл айтып, көңіліңді де көтереді. 83 жастағы Дина Дезерннің туған апайы қайтыс болғанда осы робот жұбатып, жанына демеу болған.
Дина Дезерн, тұрғын:
- Көңілім жабырқаса, робот маған өлең оқып, ән айтады. Менің сұрақтарыма ерінбей жауап қатады. Тіпті көңілімді аулау үшін кітап оқып береді. Бір таңғалатыным, оның жауаптарының бәрі шындыққа жанасады. Бастысы, мүлдем ішім пыспайды.
Сыртқы тұрпаты үстел шамына ұқсас шағын ғана құрылғы өздігінен қозғалады. Ал сөйлеген кезде жанып сөніп тұрады.
Дина Дезерн, тұрғын:
- Қартайған сайын бала болып кетеміз ғой. Оның ешқандай мінез танытпай, тез шүйіркелесіп кететіні ұнайды.
Құлтемір жалғыздықтан қажыған қарттардың көңілін аулайтын жақын жолдасына айналып үлгерген. Ал оны ойлап тапқан компания шағын құрылғы көп қарияның өмірін ұзартатынына сенімді.
Авторы: Фариза Жанғанаева.