Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өткен 11 айда 4 млрд доллардан асты.
Ресми деректі көршіміздің статистика агенттігі хабарлап отыр. Біздің ел ала шапанды ағайынның сыртқы сауда серіктестері тізімінде үшінші орында. Алыс-берістің ауқымды бөлігі азық-түлікке тиесілі.
Елімізден Өзбекстанға экспортталатын дайын өнім үлесі артып келеді. Қазақстандық күнбағыс майы, ет, ұн және кондитерлік өнімге сұраныс көбейген. Екі ел үшінші нарықтан жеткізілетін импортты алмастыру саясатын бастағалы кедендегі қозғалыс бір сәт те тоқтаған емес. Ташкент облысында жіп өндіріп, медицинаға қажетті бұйым шығаратын фабрика мұндай істің игілігін көріп отыр.
Тәжіғали Тұржанов, фабриканың өндірістік директоры:
- Медициналық мақта, дәке, аяққап шығарамыз. Шикізаттық жіп те бар. Қазақстаннан сұраныс көп. Экспортымыздың 40 проценті тек Қазақстанның үлесінде. Қалған өнімді 14 мемлекетке жөнелтеміз.
Бұрын бұл нарыққа қазақстандық астық көбіне шикізат күйінде жеткізілетін. Қазір “Made in KZ” белгісі бар ұн сауда желілерінің алдыңғы қатарында тұр. Оның Өзбекстанға экспорты қаңтар-қыркүйек айларында 400 мың тоннаға жуықтады. Отандық ұн өндірушілер бұл істен 120 млн доллар пайда тауып, былтырғы көрсеткішін 40 пайызға жақсартты. Дей тұрғанмен, ала шапанды ағайынның Қазақстаннан импорттайтын басты өнімі бидай. 9 айда 2,7 млн тоннасын сатып алған. Ал біз оңтүстік көршімізден көп мөлшерде көлік шанағы мен бөлшектерін жеткізіп жатырмыз.
Тұрдықұл Бутаяров, халықаралық Орталық Азия институтының бөлім басшысы:
- Қазақстан мен Өзбекстан біірлесіп аймақтық интеграцияның қозғаушы күшіне айналуы керек. Кейін осы әріптестік өзге де көршілерімізге үлгі болады. Сауда-саттық арқылы бір-бірімізді толықтырып, жоғымызды түгендей аламыз. Қазір екі елдің жақын өңірлері бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуге кірісті.
Өзара сауда-саттықты арттыруға әлі де мүмкіндік мол. Ол үшін кедергілер азайып, тың жобалар қолға алынуы қажет. Бір парасы келер жылы өтетін қазақ-өзбек форумында қаралмақ.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Екі елдің қарым-қатынасын жаңа кезеңге көтеретін негізгі жоба “Орталық Азия” өнеркәсіптік кооперация кешені болмақ. Оны құруға қазір үкіметтер қызу кірісіп кетті. Бұдан бөлек, таяуда еліміз Өзбекстанмен шекараға жақын аумақта жаңа темір жол желісінің құрылысын бастады. Ол “Сарыағаш” өткізу бекетінің тауарды қабылдау, жөнелту қуаттылығын арттырады.
Рауан Мыңбаев