IT әлем. Құлтемірлер құрдымға апармасын десек...
Биыл жасанды интеллект адамға ұқсас роботтардың түр-түрін жасап шығаруға мүмкіндік берді.
Құлтемірдің құдыреті сол, ол тірліктің барлығын өз бетінше орындай алады. Билейді, күледі, тіпті қаласаңыз сізбен тілдесіп, жаныңызға серік болады.
Мәселен, Лондонда инноваторлар адаммен қарым-қатынас жасап, бейтаныс жерлерде көмекші болатын Android құрылғысын жасап шығарды.
Ал Португалияда адам жазуын қайталап, ауқымды мәтіндерді өңдей алатын робот таныстырылды.
Бұл – Ұлыбританиядағы «Engineered arts» компаниясы жасап шығарған «Ameca» роботы. Құлтемір жалғызбасты жандарға арнап жасалған. Ол адамдар зеріккенде әңгімелесіп, мұңайғанда тілдесіп көңілін көтере алады. Жолда жиі адасатындар үшін де тиімді көмекші бола алатынын көрсетті.
Уилл Джексон, компанияның бас директоры:
- Жасанды интеллект пен робототехника жылдам дамып жатыр. Соның арқасында біз планшет, сенсорлық экрандардан бас тартып, технологиямызбен қарапайым тілдесуге көшеміз.
Қытай қазір робот жасап шығаруда көш бастап тұр. Мысалы, осы елдің мамандары ойлап тапқан Cloud Ginger құрылғысы қимылдың 34 түрін жасауға икемді. Оның ептілігі кәдімгі бишілерден асып түсе ме дерсің. Ал Бейжіңде таныстырылған мына құрылғының салмағы 55 келіге жуықтайды. Ол адамның бет-әлпеті мен қимыл қозғалысын жасанды интеллект арқылы дәлме-дәл қайталай алады.
Зен Ко, инноватор:
- Технологиялық жүйе арқылы құрылғы өзі жүріп, түрлі тапсырмаларды орындайды. Тіпті, кез келген затты немесе ыдысты алып, таси алады. Оны отыруға, тұруға және секіруге бағдарлауға болады.
Нуши атты мысық робот көңіліңізді көтеріп, музыканың ырғағына сай билейді. Оны америкалық ғалымдар ойлап тапқан. Мамандар жасанды интеллект адамды зеріктіретіндей емес, қызықты әрі ерекше етіп жасалуы керек дейді.
Ишан Шапиро, инноватор:
- Бұл технологиялардың қарқынды дамуы адамды қоғамнан алшақ етіп, мәдениетіміз бен күнделікті өмір сүру дағдымызды жоюы мүмкін. Сол себепті біз роботтарды толық зерттеп, өзіміз қалағандай құрастыруға мән беруіміз қажет.
Әлемде тамақ өнеркәсібінде де роботтарды кеңінен пайдалану белең алды. Аспаздардың әрекетін айнытпай қайталап, қарапайым тағам дайындайтын құлтемірлер қолданысқа енгізіліп жатыр. Сарапшылар келешекте бұл салада құлтемірлер көптеп шығарылатынына сенімді.
Әсия Нұрлыбаева, «24.KZ».