Әлемдік экономика өседі

Египет әлемдегі ең ірі қант өндірушілердің жиырмалығына кіреді.

Мұнда жыл сайын 2,7 млн тонна өндіріледі. Оның жарты миллионы сыртқа экспортталады. Қалғаны елде қалады. Бірақ ішкі сұраныс бұдан әлдеқайда жоғары. Жергілікті қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін 3 жарым миллион тонна керек. Өйткені қант Мысырда азық-түліктің стратегиялық қорына кіреді. Тұрғындар оны көп тұтынады. Бірақ қазір елде тауар тапшы. Ал бұл бағаның күрт өсуіне әкеп соқтырды. Бұған не себеп дегенге сарапшылар былай дейді. 

Мохи Әбдел Салам, Экономика саласындағы сарапшы:

"Әлемдегі геосаяси ахуал кесірінен тасымалдау жағы қиындады. Жаһанды жайлаған инфляция тағы бар. Оған климаттың өзгеруін қосыңыз. Қуаңшылық кесірінен өнім әдеттегіден аз жинала бастады. Бұл әсіресе қанттың ең ірі өндірушілері - Үндістан мен Таиландта қатты сезіліп отыр. Сөйтіп тауардың әлемдік бағасы өсті."

Осылайша қант бағасы  Египетте  күрт қымбаттап кетті.  Қазанда бір келісі 40 фунт тұрса, қазір 55 фунтқа саудалануда. Бұл біздің ақшамен 800 теңгеден асады. Билік ең алдымен ішкі қажеттілікті қамтасыз етуге ден қойып отыр. Сол үшін желтоқсаннан бастап үш айға өнімді экспорттауға тыйым салды. Сонымен қоса қант қамысын өсіруге арналған 150 мың гектар жерді қалпына келтіру шараларын қолға алды. Нарықта алып-сатарлармен күрес те күшейді. Бірақ соның өзінде тұрғындар тауар қолжетімді болмай тұр дейді.   

Фарамауэй, жергілікті тұрғын:

"Отбасымда адам көп. Төрт балам бар. Немерелерім де қолымда. Қантты көп тұтынамыз. Қазір бұл тауар ғана емес, құрамында қанты бар басқа да өнімдер қымбаттап кетті. Мысалы, торттың құны есі есе өсті."

Жұмыртқа күрт қымбаттады

Ресейде жұмыртқа күрт қымбаттады. Кейінгі екі айда баға 30 пайызға өскен. Қазанда он данасы 87 рубль тұрса, желтоқсанда 117 рубльге дейін жетті. Сарапшылар бұған жұмыс күшінің тапшылығы мен өндіріс құнының өсуі себеп дейді. Қазір жұрт Жаңа жылға дайындалып жатыр. Мерекелік тағамдарға  көбіне осы жұмыртқа қосылады. Демек сұраныс жоғары. Бұл ретте кейбір дүкендер оны ондығымен емес, бір-бірден сататын болған. Енді біреулері  тіптен сатуға шектеу қойған. Бірақ билік оған жол бермеу керек дейді. Сол үшін жақында БелгорОд облысы губернаторының орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек Бас прокуратура бағаның жөн-жосықсыз өсуіне қатысты тексеру бастап кетті. Сонымен қоса импортты баж салығынан босату шешімі де қабылданды.    

БЛИЦ

  1. "Бұрын азық-түлік дүкеніне кез келген уақытта барып, жұмыртқа сатып ала алатын едік. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені сауда орындарынан бұл тауарды табу қиын."
  2. "Бұрын жұмыртқаның он данасын 60 рубльге сатып алатын едім. Қазір жақын маңдағы дүкендерде ол 120 рубльге саудаланып жатыр. Алыстағы сауда орындарына барып, арзанырақ өнім іздеуге тура келеді."

Аргентинда  инфляция тым жоғары. Оның деңгейі 160 проценттен асып кеткен. Бәрінің бағасы аспандап тұр. Әсіресе еттің құны күрт өскен. Ол небәрі бір апта ішінде 60 пайызға қымбаттаған. Негізі Аргентина тұрғындары етті көп жейтін елдердің тізімінде алдыңғы қатарда тұрған мемлекет саналады. Мұнда жылына әр азамат 100 келідей ет жейді екен. Бірақ қазіргідей жағдайда өнімді сатып алуға екінің бірінің шамасы жетпейді.