Түркияда жол апатынан он адам қаза тапты
Түркияның Сакария өңірінде бір мезетте 7 бірдей көлік соқтығысып, 10 адам қаза тапты.
Тағы 59 тұрғын жарақат алған. Бұл өңірде бүгін қалың тұман түсіп, таяқ тастам жерді көру мүмкін болмай тұр. Жергілікті арналардың хабарлауынша, опат болғандар арасында балалар да бар. Өңір губернаторының мәліметінше, Ыстанбұл бағытындағы күрежолдың Дагдиби ауданында соқтығысқан көліктердің үшеуі жолаушылар мінген автобус. Біреуі жүк көлігі. Жол апатына байланысты Ыстанбұл бағыты уақытша жабылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында отандастарымыз жоқ.
Яшар Карадениз, Сакария губернаторы:
- Апат жеңіл көліктің жүк көлігіне соғтығысуынан басталған деген болжам бар. Кейін басқа көліктер келіп соқтығысқан. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында жаяу жүргіншілер де бар. Нақты ақпарат алдағы уақытта белгілі болады. Қазір 3-4 тергеуші осы іспен айналысуда.