Дунай тасып барады...

Әлем елдерінде қолайсыз ауа райы әлі басылар емес. Венгрияда қатты жауын-шашын салдарынан Дунай өзені арнасынан асып, Будапешт су астында қалды.

Ал Нидерландыда жаңбыр тоқтаған жоқ. Жергілікті шаруалар толассыз нөсердің кесірінен егістік алқаптарына зақым келе ме деп қауіптенеді.

Ұлыбританияға Герит дауылы соғып, ғимараттар мен көліктерге айтарлықтай зақым келген. Тіпті, ұшақтар аялдамасына әзер қонып жатыр.

Үндістанды жайлаған қалың тұман әлі сейілген жоқ.

Дунай арнасынан асты

Дунай өзені арнасынан тасып, Будапештті су басты. Оған себеп – ауа температурасының күрт жылынуы мен бірнеше күн тоқтаусыз жауған жаңбыр. Мамандардың мәліметінше, су деңгейі 6,8 метрге дейін көтерілген. Олар жағдай мұнан да қатты ушығуы мүмкін дейді. Сол себепті билік су тасқынына қарсы екінші дайындық режимін жариялады. Көліктерді автотұрақтардан шығару жұмыстарына кірісті.

Айта кетейін, Будапештте мұндай жағдай 2013 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Жайылым су астында қалды

Нидерландыда да осыған ұқсас жағдай. Қатты жауын-шашын салдарынан шығыс және оңтүстік аймақтарда бірнеше жайылым су астында қалды.

Ауа-райының қолайсыздығы шаруаларға шығын келтіруі мүмкін. Себебі олар тасқын су картоп пен қант қызылшасының өнімділігіне әсер етуі ықтимал дейді. Қазір билік су тасқынына сақадай-сай отыр. Өйткені Эйссель өзенінің арнасынан асу қаупі бар.

Дауыл соғып, ғимараттарға зақым келді

Ұлыбританияның солтүстік-батысында қатты дауыл соғып, ғимараттарға айтарлықтай зақым келген. Ағаштар құлап, тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Кей тұрғындардың көлігі ағаш астында қалып қойған.

Қазір қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жолдар тазартылып, үйінділерді аршу жалғасып жатыр.

Әуе қатынасы тоқтады

Геррит дауылы Лондонға да жеткен. Екпінді жел әуе қатынасына кедергі келтіріп тұр.

Халықаралық Хитроу әуежайына бағыт алған ұшақ жерге әзер қонды. Әуе көлігіндегі жолаушылардың барлығы дін аман.

Үндістанды тұман басты

Үндістанның солтүстігін қалың тұман басты. Салдарынан қалада қозғалыс қиындап, жолда жүру оңайға соқпай тұр. Жолаушылар діттеген жеріне кемі 2 сағатсыз жете алар емес.

Жергілікті метереологиялық қызметтің мәліметінше, қолайсыз ауа райы Үндістанның солтүстік-батысы мен орталығында әлі үш күн сақталады.

Әсия Нұрлыбаева «24.KZ».