Дүниені дүр сілкіндірген табиғи апаттар
Биыл әлемнің біраз елі табиғат апатынан зардап шекті. Жыл басында Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінен, ондаған мың адам қаза тапты.
Жүздеген мыңы үйсіз, күйсіз қалды. Әсіресе қайғыдан көз ашпаған Сирия тұрғындарының тұрмысы әлі күнге дейін оңалған жоқ. Ал жаз келе, Канаданың қалың орманы өртеніп, миллиондаған гектар жер күлге айналды. Су тасқынынан да зардап шеккен елдер аз емес.
Түркия
Жылдың басы түрік ағайындар үшін қайғымен басталды. Ақпан айының 6 күні Кахраманмараш провинциясында қуаты 7,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала түңгі сағат 4-тен кете болды. Мыңдаған адам үйінді астында қалды.
Одан кейін Газиантеп провинциясында қуаты 7,6 балдық екінші жойқын зілзала тіркеледі. Бұл жерде де үйлер қирап, қала жермен жексен болады. Табиғат апатынан 50 мың адам көз жұмды. 115 мың тұрғын жарақат алады. Миллиондаған жан баспанасынан айырылды.
Көрші Сирияда 8,5 мың адам опат болып, 10 мыңға жуық тұрғын жапа шекті. Мәліметке қарағанда түрік елінде алғашқы зілзаладан кейін жердің қозғалуы бірнеше апта бойы жалғасып 16 мыңға жуық дүмпу тіркелген.
Ауғанстан
Биыл Ауғанстанда да бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Наурыздың 21-і күні елдің Бадахшан провинциясында 6,8 балдық зілзала болып, жүздеген үй қирап қалды. 14 адам көз жұмды. 500-дей тұрған жарақат алды.
Ал қазан айында Герат аймағындағы 6,3 балдық зілзала 2,5 мың адамның өмірін қиды. 9 мыңнан аса тұғын жараланды. Бұл апат онсыз да жарымай отырған елдің экономикасына ауыр соққы болды. Қиын сәтте Қазақстан ауған халқына көмек көрсетті. Еліміз апат аймағына 45 құтқарушыны аттандырып, 1 мың 650 тонна гуманитарлық жүк жеткізді.
Канада
Әлем елдеріне зор шығын келтірген табиғат апаттың бірі – орман өрті. Әсіресе Канада жұрты қатты жапа шекті.
Нулы елде наурыз айында аптап ыстықтан басталған өрт, мамырда үдеп бірнеше ай бойы ырық бермеді.
Мемлекеттің барлық 13 провинциясында орманды алқаптар отқа оранды. 18 миллион гектар жер тып-типыл жанып кетті. Табиғат апаттан 200 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Жалыннан тараған көк түтін АҚШ қалаларын тұмшалап, Еуропаға дейін жетті.
Жергілікті билік тілсіз жауды ауыздықтау үшін өзге мемлекеттерден көмек сұрады. Ресми мәліметке жүгінсек Канададада биыл 6,5 мыңнан аса орман өрті тіркелді.
АҚШ
АҚШ-тың Гавай аралдарындағы Мауи өңірінің жұртшылығы да алапат орман өртін бастан кешті.
Тілсіз жау шағын аралда тамыздың 8-і күні басталып, желдің күшімен тез тарайды. Салдарынан 13 мың тұрғыны бар Лахайн қаласы өртке оранып, 145 адам қаза тапты. 1 мыңнан аса тұрғын із-түссіз жоғалып кетті. Табиғат апатынан аймаққа 6 миллиард доллар шығын келді.
Италия
Қоян жылы жер шарында су тасқыны да жиілеп, көп ел қасірет шекті.
Мамыр айында Италияның солтүстігінде бірнеше күн бойы жаңбыр жауды. Салдарынан өзендер тасып, Эмилья-Романья аймағында 40 қаланы су басты. Тасқыннан 15 адам көз жұмды. 36 мың тұрғын үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшті.
Үндістан
Толассыз жауын Үндістан тұрғындарын да біраз әбігерге салды. Маусым айында осы елдің солтүстік-шығысындағы Ассам штатында топан су жайлап, 4,5 миллион адам жапа шекті. 100 мыңнан аса адам баспанасынан айырылды. 45 кісі қаза болды.
Қорыта айтқанда ғалымдар табиғат апаттарының жиілеуін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Зерттеушілердің мәліметінше, 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болып тіркелді. Мамандар қауіпті үрдіс қайталануы мүмкін, ал онымен күресу үшін барлық ел бірігу қажет дейді.
Дәурен Ақашұлы, «24.KZ».