Түркияда баспананы жалға беру ережесі өзгерді
Түркия жалға берілетін үйлерге бақылауды күшейтті, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа заң жаңа жылдан бастап күшіне енді. Енді баспананы 100 күнге дейін жалға беру үшін лицензия алу қажет.
Бұл пәтерін аз күнге жалға беріп, онысы үшін салық төлегісі келмейтіндер үшін қақпан іспетті. Мұның сыртында салықтан жалтарып, кейін ұсталсаңыз, төлейтін айыпұл көлемі де орасан.
Түркияда соңғы жылдары пәтерлерді қысқа мерзімге жалға алу немесе жалға беру онлайн-платформалардың арқасында танымал табыс көзіне айналды. Биылдан бастап бұл мәселе мемлекеттің араласуымен реттелмекші. Яғни, туристерге тұрғын үйді 100 күнге дейін жалға беру үшін Мәдениет және туризм министрлігінің рұқсаты керек. Ал оны тиісті провинциялардың әкімдіктері береді.
Месут Эмре Каракөсе, Түркия парламентінің аға маманы:
- Жаңа заңды шығарудағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және салықтан жалтарғандарды жауапқа тарту. Әсіресе курорттық жерлердегі жүйесіз табыс көздерін анықтау. Көпқабатты үй тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз ету. Өйткені тәулікке берілетін үйлерге келіп- кетушілердің кім, қайдан келгені белгісіз. Оларды тіркеуге алу. Бұл – тікелей себебі. Жанамалы пайдасы, бүгінде осындай қысқа мерзімге жалға берілетін пәтерлердің саны 100 мыңнан астам. Жаңа ережеге сәйкес енді олардың саны 10 мыңға дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
Жаңа ережеге сәйкес туристерге жалға берілетін пәтерлер арнайы тіркеуден өтіп, ғимараттың жарамдылығын айқындайтын белгілер болуы тиіс. Егер көпқабатты үй тұрғындарының біреуі қарсы болса, жалға беруші табысынан қағылды деген сөз. Ал жылжымайтын мүлік мамандарының сөзінше, жаңа ережеден кейін Ыстанбұлдың өзінде 50 мыңнан астам пәтер қысқа мерзімге жалға беру нарығынан шығып қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде шарықтап кеткен бағаның төмендеуіне әсер етуі ықтимал, - дейді мамандар.
Нукет Үслу, тұрғын:
- Өте орынды қабылданған заң. Тұрғын үй кешенімізге кімнің кіріп- шыққаны маңызды. Бұған дейін кез келген үй иесі қарсылығымызға қарамастан жалға беретін. Күнде басқа бір кісі.
Жерен Карагөз, тұрғын:
- Табылған шешім болды. Оңай ақша табудың жолы жабылды. Салық бәріне бірдей.
Ал жаңа заң талаптарына бағынбағандар көп мөлшерде айыппұл арқалайды. Заңбұзушылық анықталған жағдайда үй иесі әрбір мүлік үшін шамамен 3,5-нан 36 мың АҚШ долларына дейін айыппұл төлейді. Жалдамалы үйде ең көбі 12 адам тұра алады. 3 жасқа дейінгі балалар есепке алынбайды. Бұдан бөлек, тұрғын үй кешенінде кемінде 5 пәтері барлар бизнес лицензиясын алуы тиіс. Айта кеткен жөн, Түркияда 110 мың 857 пәтер қысқа мерзімге жалға беріледі екен.
Авторы: Меруерт Қанағат.