Әлем елдері цифрлық валюта енгізе бастады

Жалпы қазір сөздік қолданысымызда электрондық және цифрлық валюта деген ұғым бар.

Екеуіне ортақ сипат, екеуі де материалдық емес ақшаға жатады.

Ең басты айырмашылығы, электрондық валютаны қағаз ақша қылып шығарып алуға болады. Ал цифрлық валютаның ешқашан физикалық формасы болмайды.

Ресейде цифрлық рубль енгізіле бастайды

Ресейде кейбір әлеуметтік төлемдер үшін цифрлық рубль қолданыла бастайды. Бұл қаражаттың тиісті мақсатқа сай жұмсалғанын қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, балалар жәрдемақысы тәрбие немесе білім алуға бағытталуы керек. Бірақ көп жағдайда ресейліктер бұл ақшаны несиесін жабуға немесе басқа мұқтаждықтарын өтеуге жұмсап қояды екен. Мамандар: «бір цифрлық рубль бір қағаз рубльдің құнына тең болады», - дейді. Сандық ақша Ресейдің Орталық банкінің цифрлық әмияндарында сақталады.

«Әрине, мемлекет қандай да бір әлеуметтік қолдау көрсеткенде, азаматтар мен заңды тұлғалар жәрдемақыны өз мақсатына сай жұмсағанын қалайды. Бірақ қазіргі жағдайда ол ақшаның қайда, қалай жұмсалғанын қадағалау мүмкін емес. Ал цифрлық рубль енгізілсе, жәрдемақыны жұмсау барысы ашық көрініп тұрады» – Александр Шендерюк-Жидков, Ресей Федерация кеңесі бюджет және қаржы нарығы комитеті төрағасының орынбасары.

 

Цифрлық рубльден салық алынады

Сонымен қатар Ресейде жаңа Салық кодексі қабылданды. Ондағы бір өзгеріс, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық рубльден де салық ұсталады. Қазір цифрлық рубльді сынақтан өткізу бағдарламасына 13 банк тартылған. Биыл олардың санын 30-ға жеткізу көзделген.

 

Үндістанда цифрлық валюта енгізіледі   

Үндістан цифрлық валютаны 1 сәуірде енгізеді. Бұл туралы елдің қаржы министрі Нирмала Ситараман мәлімдеген. Үндістанда қаржылық жыл 1 сәуірден бастап есептеледі. Мамандар: «цифрлық рупия цифрлық экономиканы дамытуға жаңаша серпін бермек», - дейді.

«Цифрлық рупия валютаны басқарудың тиімді әрі арзан жүйесін қалыптастырады. Цифрлық ақшаны блокчейн және басқа технологиялардың көмегімен енгіземіз» – Нирмала Ситараман, Үндістанның Қаржы министрі.

Индонезия да биыл ұлттық цифрлық валютасын сынақтан өткізе бастамақ. Бұл елдің де ақшасы рупия деп аталады.

 

Еуропа цифрлық еуроға көшуге дайын

Еуропа цифрлық еуроға көшуге дайын. Осы мақсатта Еуропалық орталық банк еуроның цифрлық нұсқасын жасауға көмектесу үшін жеке сектордағы серіктестерге 1 миллиард 200 миллион еуро төлеуге дайын екенін жеткізді. Олар бұл ақшаға сандық еуроға арналған бағдарлама және алаяқтардан қорғайтын жүйе жасауы керек.

Ал АҚШ-тың Қаржы министрлігі цифрлық долларды енгізу бойынша жұмыс тобын құрғалы жатыр. Бірақ Конгресс цифрлық ақшаға қарсы. Олар Федералдық резерв жүйесіне цифрлық валюта жасауға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп қойған. Өйткені америкалық конгресмендер цифрлық доллар арқылы тыңшылық күшеюі мүмкін деп қауіптенеді.