Газа секторын аштық жайлай бастады

Алпауыт мемлекеттер қақтығысты реттеу амалын ойластырып жатқанда, Газа секторында ахуал күн санап ушығып барады.

Аш-жалаңаш жұрт гуманитарлық көмек тиелген көліктерді жолда талан-таражға салып жатыр. Ал Жапонияда зілзаладан соң іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Билік жапа шеккен аймаққа тағы қосымша күш жіберді.

Зілзала аймағындағы ахуал

Жапония билігі зілзаладан соң жапа шеккен Исикава префектурасына 6 мыңнан аса жауынгер аттандырды. Қазір мұнда ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр. Бірақ жауын-шашын тоқтамай, құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Соған қарамастан із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жалғасып жатыр. Метеорологтар болса мұнда алдағы күндері тағы жаңбыр жауады деп ескертіп отыр. Ал соңғы мәліметке сүйенсек, табиғи апаттан опат болғандардың саны 203-ке жеткен. Тағы жүздеген кісі ізім-ғайып жоғалған.

 

Газа секторын аштық жайлай бастады

Таяу Шығыстағы ахуал шиеленісіп барады. Газа секторындағы халық тәуліктеп нәр татпай қатты зардап шегіп жатыр. Аштықтың зардабы амалсыз азық-түлік үшін күреске ұласып жатыр. Тұрғындар Газаның солтүстігіне бет алған 2 жүк көлігін қоршап алып, гуманитарлық көмекті талан-таражға салды. БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, өңір халқының төрттен бірі, яғни жарты миллион адам аштықтың зардабын тартып отыр. Бұлай жалғаса берсе, аймақты жаппай ашаршылық жайлауы мүмкін, - дейді.

 

Мыңдаған мигрант қауіпсіз жерге көшірілді

АҚШ-тың солтүстік-шығысында боран соғып, тұрғындар әбігерге түсіп жатыр. Жапалақтап жауған қар мен ұйытқып соққан дүлей желден Нью-Йорк және оған жақын қалаларда білім ұйымдары жұмысын уақытша тоқтатты. Әуе рейстері кейінге шегеріліп, пойыздардың жүрісі шектелді. Нью-Йоркте үйсіз-күйсіз дала кезген 2 мыңнан аса мигрант қауіпсіз жерлерге орналастырылды. Метеорологтар: «Нью-Джерси мен Пенсильванияда да осындай ауа райы әлі бірнеше күн сақталады», - дейді. Тіпті тағы қалың қар түседі деген болжам бар.

 

Дауылдан мыңдаған үй жарықсыз қалды

Ал АҚШ-тың шығыс жағалауында торнадо соғып, 4 адам көз жұмды. Дүлей жел электр бағаналарын сындырып, мыңдаған үй жарықсыз қалды. Әсіресе Флоридада ахуал қиын. Мұнда алапат дауыл көптеген үй мен ғимаратты тас-талқан етіп, 87 мың тұрғын электр қуатынан ажырап қалған. Әсіресе торнадодан Марианна, Панама-Сити және Форт-Лодердейл қалалары қатты зардап шекті. Синоптиктер алдағы тәулікте де аймақта дауыл соғатынын айтады. Сол себепті билік адамдарды барынша абай болуға шақырып, сақтық шараларын күшейтіп жатыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.