Қытайлық электркөліктер көш бастады
Қытайлық автопром әлемді жаулап жатыр. Әсіресе, электрокар нарығының жетістігі айтарлықтай. Tesla тізгінді беріп қойғандай.
Teslaны білмейтіндер кемде-кем шығар. Аталған компания талай тұтынушының көңілінен шыққан әлемдік автобрендтердің бірі бүгінде. Тоқпен жүретін көліктердің сәнге айналуы да дәл осы Тесланың арқасы емес пе?! Миллиондаған адам бензинмен жүретін автомобильді тастап, электрлі темір тұлпарды тізгіндеуге асыққан еді! Соның арқасында Илон Масктың компаниясы жылдап емес, ай сайын рекорд орнатып келді. Бірақ 2023 жылдың соңында көпшілік күтпеген көрсеткіш тіркелді. Қытайлық автоөнеркәсіп алғаш рет электромобиль шығару мен сату жағынан Тесланы басып озды. Санға салсақ, былтыр электромобиль өндірісінде монополист атанған Тесла 484 мыңнан астам көлік құрастырса, қытайдың «BYD» компаниясы осы уақыт ішінде 526 мың темір тұлпарды тұтынушыларға таратқан.
Бұл көрсеткіш мұнымен шектелмейтіні анық. Себебі Қытай автомобиль өнеркәсібінде жаһандық көшбасшылыққа жетуді көздеп отыр. Қарыштап дамып, батыстық бәсекелестерінің алдын орауды мақсат тұтады. Бір ғана мысал. Смартфон шығарумен танылған Сяомидің өзі енді электр көлігі өндірісіне бет бұрған. Жаңа жыл қарсаңында көпшілікке алғашқы автосын таныстырып, биылдан жаппай сатылым басталатынын жариялады. SU7 деп аталатын темір тұлпар Tesla мен Porsche-ге тікелей бәсекелес болады екен.
Лэй Цзюнь, Xiaomi Group компаниясының бас директоры:
- Біздің мақсатымыз әдемі әрі ыңғайлы сонымен қатар қауіпсіз көлік құрастыру. Бұған қол жеткізу оңай емес, әрине. Десе де, Xiaomi бұл мәселеге аса ден қойып отыр. Аккумулятор жасап шығару үшін зерттеулер жүргізуде. Біз сондай-ақ, электроника өндірісі бойынша жеке зауытымызды тұрғыздық.
Компания басшысының айтуынша, СяОми алдағы 15 жылда әлемдегі автоөнеркәсіп саласындағы үздік бестіктің қатарына кіруді көздейді. Жалпы, соңғы жылдары электрмобиль саласында қытайлық брендтерге деген сұраныс артып келеді. Олардың еуропадағы үлесі былтыр 8 пайыз шамасында болды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 6 процент еді.
Бельгия
Ив Летерм, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі:
- Бұрын көлік өндірісі саласында америкалық және еуропалық компаниялар көш басында тұрды. Қазір жағдай мүлдем басқа. Себебі автоөнеркәсіп саласында Қытай қатты дамып жатыр. Әсіресе электрмобиль өндірісінде.
Нарықтағы үлесін жоғалтып алмау үшін Тесла компаниясы да қазір қолдан келгенше тырмысып жатыр. Өндірістік кешенін кеңейтпек, жаңа зауыт салмақ. Мәселен, Германияның Грюнхайд қаласындағы зауыттың қуаттылығын арттырғысы келеді. Яғни жылына 500 мың көлік емес, 1 миллион электрмобиль шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Америкада 2 жаңа зауыт салмақшы. Оған 3 жарым миллиард доллардан аса инвестиция құймақ. Жаңа өндірістің бірінде батарея шығарылса, екіншісінде Семи деп аталатын электр жүк көлігі жасалады. Сонымен қатар, компания көліктердің автономды басқару жүйесін одан әрі жетілдірмек.
Бірақ әзірге бұл мүмкін болмай тұр. Себебі Тесла көліктерінің автоматты жүйесінде ақау пайда болып жатыр. Осыған байланысты компания 2 миллион көлігін кері қайтарып алды. Алпауыт зауыт мұндай қадамға былтыр екі рет барды.
Филип Купман, инженерлік ғылымдар профессоры:
- Автоматты жүйенің ақауынан болған жол апаттарына талай мәрте куә болдық. Жақында бір Тесла көлігі жүк көлігімен соқтығысып, апатқа ұшырады. Мұндай оқиғалар осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Ал компания бұған аса назар аударған жоқ. Иә, «Жүргізуші абай болуы керек» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ дәл осындай себеппен тағы бір көлік апаты тіркелсе, бұл тізгіндеуші адамның қателігі емес. Сол себепті Тесла көлігін қолданатындарды ерекше қадағалау қажет.