АҚШ Жапониядағы зілзала аймағына көмек жібереді
Жапонияның зілзаладан жапа шеккен аймағына әуе күштерінің көмегі қажет.
Осыған байланысты АҚШ билігі Исикава префектурасына әскери тікұшақтарын жөнелтуге келісті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде түрлі қақтығыстардан зардап шеккен елдердің халқына қаржылай қолдау көрсетуге шақырып жатыр.
АҚШ зілзала аймағына көмек жібереді
АҚШ билігі Жапониядағы жер сілкінісінен жапа шеккен аймаққа әскери тікұшақтарын жібереді. Бұлай деп жергілікті Қорғаныс министрі Минору Кихара мәлімдеді. Оның сөзінше, Жапонияда АҚШ әскери күштерінің апат құрбандарын тасымалдай алатын әуе көліктері бар. Бірақ олар жеткіліксіз. Сондықтан Америка күншығыс еліне тағы қосымша тікұшақтар жеткізуді шешкен. Сондай-ақ зілзаладан жапа шеккен Ното түбегіндегі тұрғындарға гуманитарлық көмек жөнелтуді жоспарлап отыр.
ДДСҰ қаржылай қолдау көрсетуге шақырды
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық қауымдастықты гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елдерге шұғыл қаржылай көмек көрсетуге шақырды. Ұйымның есебінше мұндай аудандардағы тұрғындардың медициналық қажеттіліктерін өтеуге 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет. Қазір жер шарында көмекке 87 млн адам мұқтаж. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус: «қақтығыс аймақтарындағы зардап шеккендерді қоссақ, бұл көрсеткіш тіпті еселеп артуы мүмкін», - дейді.
Йемендегі хуситтермен қатынас шиеленісті
Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде АҚШ пен Ұлыбритания кемелеріне соққы беруін жалғастыра беретінін мәлімдеді. Өткен күні олар Аден шығанағында америкалық кемеге шабуыл жасаған болатын. Зымыран нысанаға дөп тиіп, су көлігіне зақым келді. Бірақ зардап шеккендер туралы ақпар жоқ. Соңғы айларда хуситтердің Израильге қолдау білдіріп отырған елдердің кемелеріне шабуылы жиіледі. Әлемде теңіз арқылы тасымалданатын жүктің басым бөлігі осы Аден шығанағы арқылы жеткізіледі. Сондықтан мұндай әрекеттер тек өңірдің ғана емес, жаһандық нарыққа кері әсер етуі мүмкін, - дейді сарапшылар.
Шыңжаңда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң ауданында қар көшкінінен кейін іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті биліктің хабарлауынша, бұл аймақта мыңға жуық турист қар құрсауында қалып қойған. Қазір оларды құтқару үшін тікұшақтар мен түрлі техника жұмылдырылған. Бірақ құтқарушылар: «кей жерлерде биіктігі 7 метрден асатын қарды тазалау қиынға соғып жатыр», - дейді. Аймақта ақ ұлпаның тоқтаусыз жауып жатқанына 10 тәуліктен асқан.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.