АҚШ-тағы жаңа салық жүйесі қандай?
АҚШ 29 қаңтарды елдегі салық маусымының ресми басталу күні деп жариялады.
Енді дәл осы күннен бастап агенттік өткен жылдың декларацияларын қабылдауға және өңдеуге кіріседі. Салық науқаны кезеңінің соңғы мерзімі – 15 сәуірге дейін 128 миллионнан астам азамат декларация тапсыруы тиіс. Кешіктірілген жағдайда өсімпұл төлеуге мәжбүр болады.
АҚШ-тың салық жүйесі федералды, штаттық және жергілікті деп үшке бөлінеді. Әрқайсысының салық салу бойынша өз өкілеттіліктері бар. Мәселен, федералды үкіметтің аймақтық жүйеге араласуына еш құқы жоқ. Құзыреті жүрмейді. Сол секілді штаттарда да өзіндік салық жинаушы жүйелер бар. Бұл сала параллельді қағидамен жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір табыс көзінен жалпы және жергілікті деңгейде салық алынуы мүмкін.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Елдегі бюджет кірістерінің басым бөлігін жеке тұлғалардың табыс салығы құрайды. Штатқа байланысты оның көрсеткіші 13,3%-ке дейін жетеді. Көш басында Калифорния тұр. Ал Аляска мен Невада жеке табыс салығын төлемейтін 9 штаттың қатарында. Федералды деңгейде ол жылдық кіріске байланысты 10-нан 37%-ке дейінгі прогрессивті мөлшерлемемен есептеледі. Сондай-ақ АҚШ-тың арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған резидент еместер де тапқан табысынан салық төлеуге міндетті.
Сатылым үшін салынатын салық пен қосымша құн салығы 46 штатта міндеттелген. Бұл – аймақтық кірістің негізгі ірі көздерінің бірі. Оның көрсеткіші 9,55%-ке дейін өзгеруі мүмкін. Әдетте тұтыну салығы баға белгілерінде көрсетілмейді, бірақ кассадағы тауардың бағасына қосылады. Биыл елдің салық басқармасы тікелей электронды өтініш беру пилоттық жобасын енгізеді. Енді тұрғындар 2023 жылға декларацияны тікелей онлайн агенттікке тапсыра алады. Соған қарамастан салық саласында әлі де түсініспеушіліктер аз емес, сондықтан азаматтар көбіне арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді.
Кейтлин, жергілікті тұрғын:
- Азамат ретінде салық төлеуге әркім жауапты. Себебі салық арқылы қоғамдық көліктеріміз, өрт сөндірушілер қызметі мен мектептер қажеттіліктермен қамтылып отыр. Өз басым салықты уақытылы төлеймін, бірақ төлем жүйесі күрделі болғандықтан, өз бетімше емес, арнайы мамандардың қызметін пайдаланамын.
Кайс, жергілікті тұрғын:
- Иә, мен белсенді салық төлеушілердің қатарынанмын және салықты уақытылы берген дұрыс. Себебі салық жолдарымыздың сапасын арттыруға, кәсіпкерлік саласын дамытуға көп көмегін тигізіп отыр. Мен салықты есепшінің көмегімен төлеп тұрамын.
АҚШ-та салықтан жалтару ауыр қылмысқа жатады. Ол үшін мүлкін тәркілеп, тіпті түрмеге де қамауы мүмкін. Мұндай істерді арнайы салық соты қарайды. Олар заңды және жеке тұлғалардың салық органдарына шағымдары бойынша сот даулары мен төлемдерден жалтару туралы айыптау істерін де бақылауында ұстайды.
Авторы: Айжан Сыдықова.