Вашингтон қар құрсауында қалды

АҚШ-та қыс қаһарына мінді.

Ақ ұлпаға ораған табиғаттың тосын мінезіне арктикалық циклон себеп. Осы аптада Колумбия округіне жауған қардың қалыңдығы 15 сантиметрге жетті. Мұндай қолайсыз ауа райы соңғы екі жылда болмаған екен. Колумбия округінің мэрі аймақта жарияланған төтенше жағдайды жексенбіге дейін ұзартты.

Мұндай қыс АҚШ астанасы мен оның маңайында тұратын жұртшылық үшін таңқаларлық әрі таңсық жайт. Қарлы боранға байланысты сейсенбіде балабақшалар мен мектептердегі сабақтар тоқтатылып, жоғары оқу орындары және мемлекеттік қызметкерлердің көбі онлайн режимге көшкен еді. Сәрсенбіден бастап бірқатар оқу орындары таңертеңгі жұмыс уақытын екі сағатқа шегерген. Вирджиниядағы Джордж Вашингтон тас жолы көктайғақ салдарынан 2 күнге жабылды. Аптаның басында әуе рейстері жаппай кешігіп, кейбірі тоқтатылды.

Айжан Сыдықова, тілші: 

- Қалыпты тіршілігі қарбаласқа айналған тұрғындарға бүгін тағы қар күреуге тура келетін секілді. Себебі синоптиктер қар кешке дейін жауады деп болжап отыр. Білім ошақтары қайтадан сабақтарын тоқтатты. Соңғы күндері жергілікті дүкендерде қар тазалауға арналған күректермен қатар шаналарға да сұраныс артқан. Ал балаларға қосымша демалыс күндері жақсы болды. Аққала жасап, сырғанап мәз.

Блиц

Себастьян:

- Мектептер жабық, балалар Капитолийдің түбінде шанамен сырғанап, уақыттарың көңілді өткізіп жатыр.

Джон:

- Қар әдемі, бірақ сол үшін бізге Мичиганнан келу қиынға соқты. Біз өте баяу жүрдік, жол қауіпті болды.

Эрик:

- Мен осы күндері метроны ғана пайдаланып жүрмін, өзім осындай ауа райында көлік жүргізбеймін, бұл мен үшін қиын.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Бұл жақта жүргізушілер көліктеріне қысқы дөңгелек салмайтындықтан көктайғақ біршама жол апатына себеп болған. Екінші қайтара соққан қарлы боранға коммуналдық қызметтер дайындалып үлгірді, түн жарымнан жолдарға тұз себіліп, қар күрейтін техника әзірленді. Алдағы сенбіде суық ауа райы жағдайды тағы да қиындатуы ықтимал. Ал біз үшін бұл Астанадағы әдеттегі қыстың бір көрінісі ғана

Айжан Сыдықова