Ресейде тридемия өршіді
Ресейде 3 түрлі вирус өршіп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Тұмау, ковид және жіті респираторлық инфекция жаппай тарала бастады. Аурухана төсегіне таңылған тұрғындар күн санап көбейіп келеді. Елдің 46 аймағында жұқпалы індетке шалдыққандар саны бойынша көрсеткіш эпидемия шегінен асып кетті
Ресейде коронавирус, тұмау және жіті респираторлық инфекциялар жұқтыру қарқыны артып келеді. Мамандар бұл құбылысты «тридемия» деп атады. Ел бойынша тұмаудың эпидемиялық шегі 66%-ке жетті, ал 46 аймақта ауруға шалдыққандар саны эпидемия шегінен асып кетті.
Геннадий Онищенко, эпидемиолог, Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері:
- Мониторинг жүргізіп отырмыз. Болжамымыз бойынша инфекциялар әрі қарай өршиді. Бетперде тағу режимін енгізуге тура келеді. Кейбір аймақтарда бұл шара енгізілген. Ал медициналық мекемелердің барлығында шектеу шаралары қолданылатын болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа пандемияға дайын болуға тиіспіз деген үндеуіне ресейлік мамандар да қосылды. Х пандемиясына тұмау немесе коронавирустің жаңа мутацияға ұшыраған штамы себепкер болуы мүмкін, - дейді олар.
Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевттер қауымдастығының вице-президенті:
- Егер біз бактериялар туралы айтатын болсақ, онда бұл резервтік және соңғы қатардағы антибиотиктерге төзімді бактерия болуы мүмкін. Бірақ қазір жасанды интеллект көмегімен жаңа антибиотиктер пайда бола бастады. Егер біз вирус туралы айтатын болсақ, ол зооноздық вирус болуы мүмкін, яғни жануарлардан адамға жұққан дерт. Бірақ жаңа індеттің қашан және қайда басталатынын болжау әзір мүмкін емес.
Дана Нұржан, тілші:
- Сонымен бірге ресейлік дәрігерлер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық бетперде киіп, инфекцияларға қарсы екпе жасау туралы ұсынысын толық қолдайды. Сарапшылардың пікірінше, елде коронавирус, тұмау және жіті респираторлық инфекциялардың таралу қарқыны тіпті наурыз айына дейін төмендемейді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.