Бельгиялықтар табысының жартысын салыққа төлейді
Бельгиядағы салық жүйесі федералды, аймақтық және муниципалды болып бөлінеді.
Жеке тұлғалардың кірісінен төленетін салықтан басқа, кәсіпорындар мен компаниялар үшін әлеуметтік, корпоративтік және капитал өсіміне салынатын төлемдер бар.
Жанат Эрнст, тілші:
- Бельгияның салық жүйесі Еуропадағы ең озық үлгілердің бірі саналады. Корольдікте жеке тұлғалардың табыс салығының мөлшерлемесі жылдық кіріс көлеміне байланысты. Ол жалпы табыстың 25 пайызынан басталып, 7900 еуроға дейінгі аралықты қамтиды. Ал табысы 34 мың еуродан сәл асатын болса 50 пайызға дейін салық төлеуі тиіс.
Екатерина Царанок, білім және зерттеу институтының директоры /Брюссель:
- Бельгия өте жоғары салық ставкалары бар ел. Жеке тұлғалар үшін Еуропада алтыншы орында, жеке компаниялар үшін Еуроодақтың орташа көрсеткішінен шамамен 40 пайыз жоғары. Бельгияда салық мөлшерлемесі отбасыңыз, балаларыңыз бар ма, жоқ па - осыған байланысты есептеледі. Естеріңізде болса, Кеңес Одағында осы тәрізді «бойдақ салығы» немесе «баласы жоқтарға салынатын салық болған. Яғни, бұл елде біз сондай логиканы көреміз, тек ол сәл басқаша түрде ұсынылған.
Бельгияда әдеттен тыс төлемдердің қатарында жеке көлікпен елде жүріп-тұру, қонақ үй бизнесіне салынатын салық, мемлекеттік баж салығы және тіпті барбекю дайындау үшін алынатын алымдар да бар. Бірақ ең үлкен салық мүліктің заңды мұрагерлеріне салынады.
Екатерина Царанок, білім және зерттеу институтының директоры /Брюссель:
- «Мұрагерлік салық» 70 пайызға дейін жетуі мүмкін. Оның мөлшері сіздің меншігіңіздің құнына және осы мүлікті сізге қалдырған адамның туыстық деңгейіне де байланысты. Сондықтан ата-аналар балаларына мүлікті «сатады», өйткені бұл мұраға беруден гөрі арзанырақ.
Бүгінде корольдіктің қазынасын толтырудан жалтару немесе салық декларациясын толтырмау еш мүмкін емес. Арнайы myminfin онлайн платформасында әркім өз қаржысының күйін көріп, оны басқара алады, сондай-ақ төлемдер жасай алады. Ал төлемеген жағдайда айыппұл мөлшері әрбір кешіктірілген күн үшін 50-ден 1250 еуроға дейін есептеледі.
Екатерина Царанок, білім және зерттеу институтының директоры /Брюссель:
- Жалпы ішкі өнімнің құрылымына қарасаңыз, мемлекет ең көп қаржыны зейнетақыға, әлеуметтік төлемдерге, аз қамтылған адамдарға, мүгедектер секілді осал топтарға төлейді. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік кірістің басым бөлігі елдің қауіпсіздігін сақтауға, медициналық көмекке, білім беруге және мәдениетті сақтауға жұмсалады.
Бельгияда мемлекетке төленетін төлемдердің мөлшерлемелері айтарлықтай жоғары болғанымен, барлық салық төлеушілер бұл қаражаттың барлығы азаматтардың әл-ауқаты мен өмірін сақтауға және жақсартуға жұмсалатынын жақсы біледі.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов