Францияда жаңа заңға қарсы шерулер өтті
Францияда 70 мыңнан астам адам мигранттарға қатысты жаңа заңға қарсы наразылықтарын білдіріп, көшеге шықты.
Себебі оларға қойылатын талап енді қатаңдайды. Заңсыз мигранттардан бөлек шетел азаматтары мен сол елде оқып жатқан студенттердің де жағдайы қиындауы мүмкін. Оның ішінде қазақстандықтар да бар.
Франция астанасы Париждегі Трокадеро алаңына халық, кәсіподақ жетекшілерінің, сән және шоу-бизнес әлеміндегі атақты адамдар мен қоғам қайраткерлерінің арнайы шақыруымен жиналған. Олар мигранттарға қатысты жаңа ережелерге келіспейтінін жеткізіп, заң талаптарын жеңілдетуді талап етті.
Жерар Ре, кәсіподақтар бірлестігінің конфедералдық хатшысы:
- Бұл заң мигранттардың өмір сүру жағдайын одан сайын ушықтырады. Олар қоғамның ең осал тұсына айналады. Бұл әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Сондықтан біз Үкіметтен осы заңды қайта қарауды, заңсыз көші-қон ережелерін әділ реттеуді сұраймыз.
Жаңа заң бойынша шетел азаматтарына енді Францияға кіру қиындайды. Сондай-ақ француз тілін меңгеру міндетті болады. Әсіресе студенттерге арналған халықаралық жәрдемақыларға шектеулер енгзіледі. Ал студенттер Францияда білім алуға ынталы екенін жеткізу үшін ақшалай кепіл төлеуі тиіс.
Анн, тұрғын:
- Бұл заң әділетсіз. Біз сырттан келгендерді тек қанауды білеміз. Ал олардың жеке тұлға ретіндегі құқықтарына мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Дезире, "SOS Racisme" қозғалысының белсендісі:
- Біз бүгін Францияның ұлттық ұраны – бостандық, теңдік, бауырластық екенін тағы бір мәрте көрсету үшін алаңға шықтық.
Наразылық акциясы көші-қон туралы даулы Заңды өзгертудің соңғы мүмкіндігі. Алдағы бейсенбіде Францияның Конституциялық Кеңесі нақты шешім шығарады.
Фариза Жанғанаева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан